Үкімет зардап шеккен кәсіпкерлерге келген шығынды өтейді

Azattyq Rýhy

Кәсіпкерлердің өтініштері 5 күнтізбелік күн ішінде қаралады

Жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздіктер салдарынан келтірілген залалды жою мәселелері жөніндегі Үкіметтік комиссия ШОБ өкілдеріне келтірілген шығынды өтеу тетігін бекітті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкімет резервінің қаражаты кәсіпкерлік субъектілеріне төлем жасау үшін жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі. Жылжымайтын, жылжымалы мүлік бойынша, сондай-ақ жоғалған (ұрланған) тауарлық-материалдық құндылықтар бойынша келтірілген залал өтеледі.

Зақымдалған жылжымайтын мүліктің орнын толтыру бекітілген сметалық құжаттама негізінде жүзеге асырылады. Бүлінген немесе жойылған жылжымалы мүлік және тауарлық-материалдық құндылықтар бойынша өтеу әкімдік және/немесе «Күшіміз бірлікте» зардап шеккен бизнесті қолдау қоры айқындайтын бағалау және аудиторлық компаниялар дайындаған бағаға сәйкес жүргізілетін болады.

Жоғалған (ұрланған) тауарлық-материалдық құндылықтар бойынша өтеу сомасы растайтын құжаттардың негізінде, ал олар болмаған жағдайда – кәсіпкерлік субъектісінің 2021 жылғы орташа айлық айналымы түрінде айқындалады. Жоғалған немесе бүлінген мүліктің құнын өтеу үшін «InfoKazakhstan.kz» платформасында тиісті өтініш беру керек.

Залалды бағалауды және өтелетін құнның мөлшерін айқындауды мүлікке келтірілген зиянды анықтау жөніндегі өңірлік комиссиялар және «Күшіміз бірлікте» қорының өтінімдерін қарау жөніндегі комиссиялар жүргізеді.

Кәсіпкерлердің өтініштері 5 күнтізбелік күн ішінде қаралады, мақұлданған жағдайда тиісті қаражат өтініш берушіге аударылады. Кәсіпкерлерге биылғы ақпан айынан бастап төлем жасау жоспарланған.

 
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.