Талғар ауданы әкімдігіндегілер қызметін асыра пайдаланған – Агенттік әуежай маңындағы жерлерді тексеріп жатыр
Бүгін ұшақ апатына қатысты құрылған үкіметтік комиссия алғаш рет БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі азаматтарға Алматы әуежайы аумағындағы жер телімдерінің заңсыз берілген/берілмегенін тексеріп жатыр. Бұл туралы Bek Air әуе компаниясына тиесілі ұшақ апатына қатысты өткен брифингте ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр айтты.
«Алматы облыстық жемқорлыққа қарсы күрес қызметі Алматы облысы Талғар ауданындағы әуежайға жақын жердің заңсыз берілуі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмысын жүргізіп жатыр. 2015-2019 жылдары Талғар ауданының әкімдігіндегі құзіретті тұлғалар өз қызметтерін асыра пайдаланып, заңсыз шешімдер қабылдаған. Әуежайдың санитарлық қорғау аумағындағы жерлерді шаруашылыққа, үй салуға берген», - деді ол.
Оның сөзінше, Үкіметтің 2011 жылғы қаулысына сәйкес, ұшу жолағынан 4 шақырым жерге дейін әуе кемелеріне қауіп төндіретін кез келген нысанның құрылысын жүргізу үшін әуежай комиссиясымен келісу керек. Алайда, Bek Air ұшағы соғылған ғимарат бойынша Алматы әуежайымен ешқандай келісім жасалмаған.
Еске салсақ, 27 желтоқсан күні Алматы әуежайы маңында Bek Air компаниясына тиесілі Fokker-100 ұшағы апатқа ұшырады. Бортта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Ішкі істер министрлігі ұшақ апатынан 12 адам қаза тапқанын мәлім етті.
Оқиғаның хронологиясын баядаған Р.Скляр сағат 7-ден 21 минут, 15 секунд өткенде 5 метр биіктікке көтерілген ұшақтың шассиі жиналып, сосын ол «бауырымен» жерге қонып, қара жермен сырғып үйге соғылғанын айтты.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан