$ 514.94  583.74  6.13
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.01.2020, 11:00
Үкімет

Пайдаланылмай жатқан 12,8 млн гектар жер анықталды: ғарыштан бақылауға ҚазГеоСаттың шамасы жете ме?

Жерді космомониторингтеу жөніндегі пилоттық жобаға қатысты Жер ресурстарын басқару комитеті жауап берді

Пайдаланылмай жатқан 12,8 млн гектар жер анықталды: ғарыштан бақылауға ҚазГеоСаттың шамасы жете ме?

Ұлттық сенім кеңесінің екінші отырысында көтерілген басты мәселе - ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану.

«Игерілмей жатқан жер учаскелеріне салынатын базалық салықты 10-нан 20 есеге дейін арттыруды ұсынамын. Бұдан бөлек игерілмей жатқан жерлерді мәжбүрлеп қайтарып алудың уақытын екі жылдан бір жылға дейін қысқарту қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау үшін ғарыштық мониторингті қолдану қажеттігін айтып, Ауыл шаруашылық министрлігі Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп 2020 жылдың 1 мамырына дейін барлық дайындық жұмыстарын аяқтап, жерді космомониторингтеу жөніндегі пилоттық жобаны жүзеге асыруы керек деді.

Жерге қатысты Президент мәлімдемесінен кейін 20 күн өтті. Жерді пайдаланбай жатқан латифудистерге нақты қандай талаптар қойылып отыр? «Азаттық рухы» редакциясы осы сұрақтарды Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолдап, Жер ресурстарын басқару комитетінің басшысы Гүлжахан Бимендинадан ресми жауап алды.

Қазақстанда игерілмей жатқан қанша жер телімі бар? Соңғы 5 жылда игерілмей жатқан қанша жер мәжбүрлеп қайтарылды?

Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне бойынша, 2015 жылдан бері республика аумағында жалпы көлемі 12,8 млн гектар жер пайдаланылмайтын жатқаны анықталған. Оның 3,6 млн гектары тиісті жергілікті уәкілетті органның нұсқамасынан кейін жер иелерімен қайта пайдаланыла бастады. 7,0 млн га жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылып, ауыл шаруашылығын жүргізу үшін басқа тұлғаларға берілді. Қалған 1,9 млн га бойынша әкімдіктер мемлекет меншігіне алу бойынша шаралар жүргізіп жатыр. Оның ішінде 400 мың га жер сот органдарының қарауында, 1,2 млн га уәкілетті орган тарапынан қайта тексеру жүргізіліп, құжаттары сотқа дайындалуда. Әкімдіктер қалған 300 мың га жерді белгіленген тәртіппен мемлекет меншігіне қайтару бойынша шаралар қабылдап жатыр.

Игерілмей жатқан жер телімдері үшін қанша теңге салық салынады?

Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) Қазақстан Республикасының Кодексінің 509-бабы 5-тармағына сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде жергілікті өкілді органдардың Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге осы Кодекстің 503-бабында белгіленген жер салығының базалық мөлшерлемелерін он еседен асырмай арттыруға құқығы бар.

Жерді космомониторингтеу үшін қанша қаржы керек? Оған ҚазГеоСаттың мүмкіндігі жете ме?

Қазіргі Ауыл шаруашылығы министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің «Қазақстан ғарыш сапары» АҚ-мен бірлесіп, KazSat серігі арқылы ауыл шаруашылығы жерлерінің тиімді пайдаланылуына мониторинг жүргізу үшін ғарыштық мониторинг деректерін қолдана отырып, пайдаланылмайтын жерлерді анықтауға бағытталған мемлекеттік бақылау тетіктерін жақсарту бөлігінде тиісті шаралар жүргізілуде.

Жандос БАЙДІЛДА, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары