Инвесторлар Қазақстанның аграрлық секторына 429,4 млрд теңге қаржы салған
Бұл 2019 жылдың 11 айындағы көрсеткіш

«2019 жылдың қаңтар-қараша айлары бойынша ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 429,4 млрд теңге, бұл 2018 жылдың 11 айымен салыстырғанда 37,3% артық», - дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестицияның 77%-ы (328,2 млрд теңге немесе $868 млн) инвесторлар мен бизнесмендердің өз қаражаты. Ал, 100 млрд теңге – банктер мен кредиторлардан алынған қарыз.
АШМ мәліметі бойынша, 2019 жылы салаға тартылған инвестицияның басым бөлігі Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі екен - 93,49 млрд теңге (немесе республика бойынша жалпы инвестицияның 21,8%-ы). Одан бөлек, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Түркістан облыстарының үлесі - 44,2 млрд теңгеден 49,9 млрд теңгеге дейін.
Атап өтетін бір жәйт, Павлодар облысы 2019 жылы аграрлық секторға 2018 жылға қарағанда үш есе көп инвестиция тартқан.