Дариға Назарбаева Рүстем Қайдаровтың қазасына байланысты көңіл айтты

Сенат төрағасы ардагердің отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты

Дариға Назарбаева Рүстем Қайдаровтың қазасына байланысты көңіл айтты
Фото : 365info.kz

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Дариға НАЗАРБАЕВА «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі президиумының төрағасы, әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаровтың қазасына байланысты қайғырып көңіл айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүкіл өмірін Отанға адал қызмет етуге арнаған, Қазақстанды әрқашан қуатты әрі өркендеген ел ретінде көргісі келгендіктен де еліміздің қоғамдық өміріне белсене атсалысқан Рүстем Қайдаровтың нағыз патриот, тамаша тұлға болғанын атап өткен Сенат төрағасы ардагерді көп уақыттан бері танитынын, оның қазасы ауыр тигенін жеткізген.

«Аса құрметті Рүстем Есімханұлы ҚАЙДАРОВТЫҢ қайғылы қазасына байланысты көңіл айтамын. Көптеген жазықсыз құрбандарға себеп болған қаралы хабарды қатты қайғырып естідік.

Рүстем Есімханұлы Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына баға жетпес үлес қосты. Оның мемлекеттік және қоғамдық еңбегі көптеген наградалармен атап өтілді. Қоғамдағы өзгерістерге сергек, өмірде белсенді көзқараста болды. Генерал Қайдаровтың офицерлер мен генералдар арасындағы беделі зор болатын. Қазақстан Республикасы Генералдар кеңесіне басшылық етті. «Асар» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі болды, жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге белсене қатысты.

Құрметті генерал Р.Қайдаровтың кенеттен қаза тапқаны бәрімізге ауыр тиді. Жылы жүзді жүздесулері мен жарқын сөздері еске түсті. Ардақты азамат, білікті маман, еліміздің нағыз патриоты – осы бейнеде жүрегімізде мәңгі қалады. Бүкіл еліміз орны толмас азаматтан айырылды.

Осынау ауыр қазаға орай, оның отбасына, туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын», – деді Дариға Назарбаева өзі жолдаған Жоғары үкіметтік жеделхатында.

Еске сала кетсек, 27 желтоқсан күні Алматы түбінде апатқа ұшыраған ұшақта қаза тапқан жолаушылар арасында «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі президиумының төрағасы Рүстем Қайдаровтың да болғаны хабарланған еді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.