Алматы маңындағы ұшақ апатынан ІІМ Құрметті ардагері Рүстем Қайдаров қаза тапты
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады

Алматы маңында апатқа ұшыраған ұшақ жолаушыларының ішінде ІІМ-нің Құрметті ардагері Рүстем Қайдаров та болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ішкі істер министрі және ІІМ-нің жеке құрамы Рүстем Есімханұлының туған- туыстарына, жақын-жуықтарына қайғырып көңіл айтты. Рүстем Қайдаров - әділет генерал-майоры, өз еңбек жолын қарапайым тергеушіден бастап, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасарына дейін көтерілді. Рүстем Есімханұлы қазақстандық полицияның қалыптасуы мен дамуына, қылмыспен күреске және қоғамдық тәртіпті сақтауға өлшеусіз үлес қосты. Еліміздің әр түпкірінде басшылық лауазымда лайықты қызмет атқарып жүрген құқық қорғау жүйесінің көптеген қызметкерін тәрбиелеп шығарды.
«Ол құрметті еңбек демалысында жүрсе де қоғамдық өмірге белсене араласты, қазақстандық полицияның жаңа буынын патриоттық рухта тәрбиелеу, ұрпақтар сабақтастығын жалғау ісіне үлес қосты. ІІМ-нің Құрметті ардагері Рүстем Есімханұлы Қайдаровтың қайғылы қазасы бүкіл еліміздің құқық қорғау жүйесіне орны толмас ауыр қайғы екені сөзсіз», -делінген хабарламада.