Тоқаев Жайық өзенінің экологиялық жағдайына қатысты ұсынысын айтты
Тоқаев пен Путиннің қатысуымен онлайн форматта форум өтіп жатыр
Баламалы энергетика өндірісінде атом сутегі энергетикасы бүгінде ең тиімді бағыттардың бірі. Қазақстан қауіпсіз атом энергетикасын дамытуды және сутегі энергетикасының жаңа түрін іске қосуды зерделеуде. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің қатысуымен өткен екі елдің XVII Өңіраралық ынтымақтастық форумында айтылды.
Климаттың жаһандық жылынуы салдарынан 2030 жылы әлемдегі су тапшылығы 40 пайызға дейін жетуі мүмкін. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бұл мәселені алдын-алуда трансшекаралық өзендердің маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Қазақстанның су қауіпсіздігі трансшекаралық өзендердің гидрологиялық және экологиялық жағдайына тікелей байланысты. Жайық өзенінің апатты таяздануы және нашарлауы шекаралық тұрғындар үшін елеулі қауіп төндіреді. 2019 жылы Омбыда Жайық өзені бассейнінің экожағдайын сақтау жөнінде екіжақты бағдарлама қабылданды. Шағын өзендерде бөгеттерді салу мен пайдаланудың, сондай-ақ жаңа қоршауларды салу жұмыстарына ерекше назар аудару қажет. Үкіметтерге осы бағдарламаны орындау туралы баяндаманы жылдық негізде іске асыруды қамтамасыз етуді тапсыруды ұсынамын», - деді Тоқаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ел территориясында суды үнеммен пайдалану үшін цифрлық жүйені енгізуді тапсырғанын атап өтті.
Президент форум барысында ел аумағындағы ормандардың жағдайын да сөз етті. Жалпы бүгінде Қазақстандағы орман қорының аумағы 30 млн гектарды құрайды.
«Биыл көгалдандыру жұмыстары бойынша ауқымда бағдарлама іске қосылды. 2025 жылға дейін 2 млрд ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз. Арал өзенінің тартылуы тұзды шөл даланың пайда болуына әкеп соқты. Құмды дауыл тек Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар Орталық Азия атмосферасына да кесірін тигізіп жатыр. Сондықтан өзбек әріптестерімізбен бірге Арал теңізінің құрғаған түбіне сексеуіл отырғызуды ұлғайту бойынша Қазақстанға арналған бағдарлама қабылдадық. 2025 жылға қарай 1,5 млн гектарды қамтуды жоспарлап отырмыз», - деді Тоқаев.