АШМ нан бағасына қатысты қандай жоспары барын айтты
Әлемдік нарықта және Қазақстанда бидай бағасының өсімі байқалады
Қазақстанда егін жинау науқаны аяқталуға жақын. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігінің өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Азат Сұлтанов алдағы маусымда нан бағасына қатысты болжамын айтты. АШМ өкілінің айтуынша, әлемдік нарықта және Қазақстанда бидай бағасының өсімі байқалады.
«Дегенмен талдау нәтижесі көрсетіп отырғандай елімізде нан бағасы тұрақты. Ұн да, нан да жеткілікті деңгейде өндіріліп жатыр. Қазір елімізде егін жинау науқаны аяқталуға жақын, бидай қамбаларға құйылып жатыр. Сол сияқты нарықтағы бидай бағасы өсіп, ол нан құнының қымбаттауына алып келмес үшін тиісті шаралар қарастырылған. Атап айтқанда, тапшылық байқалған жағдайда нан өнімдерін шығаратын кәсіпорындарға резервтен бидай беру жоспарланып отыр. Әлеуметтік нан бағасының күрт өсімі болмайды», - деді Азат Сұлтанов.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бүгінде республика бойынша 15,5 млн гектар аумақтан дәнді дақыл жиналған.