Бизнесті тексеруге мораторий: Қаржы министрі депутаттардың сынына жауап берді
Министрдің айтуынша, былтыр сауда операциялары кезінде түбіртек берілмегені туралы 19 мыңнан астам шағым түскен

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет үйінде өткен брифингте бизнесті тексеруге қойылған мораторийді алып тастау туралы айтқаны ұсынысын сынға алған Мәжіліс депутаттарының сынына жауап берді.
«Қаржы министрлігі кез келген конструктивті сынды қалыпты қабылдайды. Бірақ бұл жерде мораторийді алып тастау туралы сөз жоқ. Мораторий Президент жарлығымен 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін сақталады. Қаржы министрлігі жосықсыз кәсіпкерлерді жауапқа тарту бөлігінде ғана мәселе көтерген еді», - деді министр.
Ерұлан Жамаубаев бірқатар мысал келтіріп, былтыр сауда операциялары кезінде түбіртек берілмегені туралы 19 мыңнан астам шағым түскенін, онлайн бақылау-кассалық машиналарын қолданатын кәсіпкерлердің 50 пайызы ұдайы түбіртек бермейтінін жеткізді.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда микро және шағын бизнесті тексеруге мораторий алынып тасталуы мүмкін
Министрдің айтуынша, Мемлекеттік кірістер комитетінде мұндай заңсыздықтарға әрекет ету механизмі жоқ.
«Осыған байланысты біз қазір түбіртек бермейтін жосықсыз салық төлеушілерге қатысты салықтық бақылау алгоритмін пысықтап жатырмыз. Мораторий Президенттің жарлығы бойынша жалғасатынын атап өттім. Түбіртек бермейтін жосықсыз кәсіпкерлерге қатысты біз салықтық жауап беру шараларын әзірлейміз. Тиісті шараларды біз бизнес қауымдастықтарға ұсынып, олармен талқылаймыз. Біз бизнесті реттеуге қатысы бар кез келген шешімімізді қоғамдық тыңдауға шығарып, талқылаймыз. Бұл мәселе бойынша да міндетті түрде қоғамдық тыңдау өтеді. Осы бағытта депутаттар корпусымен де жұмыс істейміз», - деді министр.