ШұғылКоронавирусты жұқтыру қарқынында өсім байқалды

Ауғанстаннан келген этникалық қазақтар қай өңірлерге орналастырылады

9 қыркүйекте Алматыға арнайы рейспен 35 этникалық қазақ жеткізілді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерболат Абдулхатин Ауғанстаннан оралған 35 қандас жайлы айтып, олардың қайда орналасатыны жайлы айтты.

Тарихи отанына оралғандардың 29-ы этникалық виза алған, қалған алтауы өздерін Ауғанстандағы Қазақстан елшілігінде құрылған арнайы комиссия алдында қазақ ұлты екенін дәлелдеген.

Еңбек министрлігі оларды оралмандар мен қоныс аударушаларды қабылдауға квотасы бар өңірлерге орналастыруды қарастырып жатыр екен. Бұл Павлодар, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары.

«Квота аясында әр адам басына 70 АЕК мөлшерінде (204 мың теңге) бір реттік төлем беріледі. Сондай-ақ мүмкіндігінше «Еңбек» бағдарламасы аясында салынған баспанамен қамтуға тырысамыз. Немесе мемлекет үйді жалға алу ақысы мен коммуналдық төлемдерді төлеп береді», - деді министр.

Қазір Ауғанстаннан оралған этникалық қазақтар Алматы қаласында орналасқан. Оларға «қандас» мәртебесі берілген соң, сол арқылы квотаға қол жеткізе алады. Олар «қандас» мәртебесімен қатар ҚР азаматтығын алуға, тұрақты мекенжай квоталарына өтінім бере алады.