Мерзімді әскери қызметке шақырудың күзгі науқаны басталды
Науқан осы жылдың соңына дейін жалғасады
1 қыркүйектен бастап күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Ол осы жылдың соңына дейін жалғасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қорғаныс министрлігінің баспасөз хабарламасына сілтеме жасап.
Осы уақыт ішінде Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарының қатарын 18-27 жас аралығындағы он жеті мыңға жуық жас азамат толықтырады.
Жергілікті атқарушы органдар «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңына сәйкес азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастырып, қамтамасыз етеді. Әскерге алынған күннен бастап 12 ай қызмет атқарған әскери қызметшілерді запасқа шығару да жоспарлы тәртіппен жүргізіледі.
Екінші жыл қатарынан әскерге шақыру науқаны пандемия жағдайында өтуде. Коронавирусты жұқтыру қаупін азайту үшін әскерге шақырылушыларды хабардар ету Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің 1414 қызметімен SMS-хабарламалар жіберу арқылы жүзеге асырылады.
Вирустық инфекциядан қосымша қорғаныс ПТР-тексеру болмақ. Әскерге шақырылушыларды . жинау пункттеріне және әскери бөлімдерге жаңа толықтырулар келгеннен кейін екі рет тексереді.
«Барлық сұрақ бойынша азаматтар электрондық пошта немесе Қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттары арқылы хабарласа алады. Сыбайлас жемқорлық көріністері туралы хабарламалар «Қарулы Күштер – адалдық алаңы» жобалық кеңселерінде және сенім телефондары арқылы қабылданады», - деп түсіндірді Қарулы Күштер Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы полковник Сәкен Жүсіпов.
Естеріңізге сала кетсек, өңірлердегі әскерге шақыру комиссияларын облыс, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары басқарады. Олар әскерге шақыру комиссиясының шешімімен немесе медицина мамандарының қорытындыларымен келіспеген азаматтардың өтініштерін қарайды.