$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.08.2021, 17:52
Үкімет

Қазақстанда интернет алаяқтықтың артуына онлайн-қызметтердің өсуі ықпал етіп отыр - ІІМ

Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевты қабылдады

Қазақстанда интернет алаяқтықтың артуына онлайн-қызметтердің өсуі ықпал етіп отыр - ІІМ
Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа елдегі қазіргі криминогендік ахуал мен ішкі істер органдары жұмысының нәтижелері туралы баяндалды.

Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, ведомство қылмыстың көптеген түрін ашу көрсеткіштерін жақсартқан. Кісі өлтіру, тонау, бұзақылық, ұрлық, сондай-ақ, кәмелеттік жасқа толмағандар жасаған құқық бұзушылықтар саны азайған. Қоғамдық орындар мен көшедегі қауіпсіздік деңгейі жоғарылаған. Алайда, интернет желісін пайдалану арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстар саны артқан. Бұған пандемия кезіндегі онлайн-қызметтердің өсуі ықпал етті.

Мемлекет басшысына вакцина алғандығы жөнінде жалған құжаттар таратудың жолын кесу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтылды. Жыл басынан бері полиция органдары 50-і жалған вакцинация паспорттарын және 60-ы жалған ПТР-анықтамаларын жасағаны үшін 110 қылмыстық іс қозғаған.

Министр ІІМ бөлімшелеріндегі жеке құрам қызметкерлерінің 96 пайызы екпе алғанын жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев министрлікке басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, карантиндік шараларды қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуді, сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстардың, тұрмыс саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.

Серіктес жаңалықтары