«Бәйтерек» зымыран кешеніне Қазақстан тарапы $233 миллион жұмсайды
Жаңа кешен іске қосылған соң 500 адам жұмыспен қамтылады
«Байқоңыр» ғарыш айлағы аумағында салынатын «Бәйтерек» зымыран кешенін іске қосуға Қазақстан мен Ресей тарапы бірлесіп қаржы бөледі. Жаңа кешеннің болашағы туралы бүгін Мәжілісте цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев айтып берді.
«Кешеннің жердегі бөлігіне Қазақстан жауап береді. «Бәйтерек» орналасатын «Зенит-М» кешенінің модернизациясына біз шамамен 233 млн доллар жұмсаймыз. Ал Ресей тарапы «Союз-5» зымыран тасымалдаушысының өндірісіне тікелей жауапты. Оған 916 миллион $ бөлінеді»,- деді А.Жұмағалиев.
Министрдің сөзінше, Қазақстан «Бәйтеректен» ұшқан зымырандардың құлау аумағын да белгілейді. Ал жаңа кешен іске қосылса, 500 адам жұмыспен қамтылады.
Еске салсақ, Қазақстан мен Ресей 2018 жылдың тамызында Байқоңыр аумағында бірлескен зымыран кешенін салу туралы келісімге келген. Ал биыл қыркүйекте РФ Президенті В.Путин аталмыш кешенді Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың құрметіне «Бәйтерек» деп атауды ұсынған.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан