Министрліктер үйінде смартфонды еш кедергісіз қолдануға болады - А.Жұмағалиев
Министр әлі күнге дейін смартфон ұстауға толық рұқсат етпеген мемлекеттік органдар жайлы айтты
Бүгін Мәжіліс кулуарында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев мемлекеттік қызметкерлердің жұмыста смартфон қолдануына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, қазір министрліктер мобильді құрылғыларды еркін қолданып жүр. Ал кей мемлекеттік органдарда әлі күнге дейін смартфон ұстауға толық рұқсат етілмеген.
«Бұл жерде бәрі ұйымдардағы құрылғыларға байланысты деп ойлаймын. Тиісті қаулы шықты. Мысалы, қазір министрліктер үйінде смартфонды еш кедергісіз қолдана беруге болады. Үкіметтің тиісті қаулысы бар, ал қалғанын органдар өздерінің ішкі тәртібі арқылы реттеп алар», - деді.
Еске сала кетейік, қараша айында Үкімет мемлекеттік қызметкерлерге қызмет бабында смартфон қолдануға қайта рұқсат берген болатын. 2016 жылдың көктемінен бері Қазақстанда мемлекеттік қызметке жататын органдардың барлығында жұмысқа смартфон алып кіруге тыйым салынған. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі сол кезде «қызметтегі құпия ақпарат әлеуметтік желіге шығып кетуіне» байланысты заңнамаға өзгеріс енгізіп, мемлекеттік қызметкерлер түгелдей суретке түсіру, интернетке қосылу функциялары жоқ телефондарға ауысқан еді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан