Картоп пен сәбіз бағасы: Сауда министрі бүгін Орталық Азия елдеріне іссапарға аттанады
Бақыт Сұлтанов қымбатшылықтың алдын алуға мүмкіндік барын айтты
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов картоп, сәбіз бағасының өсуіне жол бермеу үшін қандай қадамдар жасалатынын айтты.
Министрдің айтуынша, алдағы уақытта Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанмен форвардтық келісімшарттарды рәсімдеудің нәтижесінде бірқатар азық-түлік өнімінің тапшылығы жойылады.
Бақыт Сұлтанов осы мақсатта бүгін Орталық Азия елдеріне іссапармен шығатынын, өзімен бірге Тәжікстан мен Өзбекстанға тиісті делегацияны алып баратынын айтты.
«Бұл жағдай ұсыныс пен сұраныс теңгерімінің және өңірлер арасындағы көкөніс өнімдері бойынша сауда қатынастарының үзілуіне байланысты туындап отыр. Мұндай жағдайды бізде ғана емес, көршілес елдерден де көріп отырмыз», - деді министр халық алдындағы есептік кездесуінде.
Министрдің пайымынша, бұл мәселеде мемлекеттік әрі жергілікті атқарушы органдар, бизнес қоғамдастық, сондай-ақ фермерлер өзара іс-қимылда болғанда, нақты нәтиже болады. Сонда ғана өнім бағасы күрт көтерілмейді.