Былтыр Қазақстанда 570 млрд теңге тиімсіз жұмсалған
Дағдарысқа қарсы ресурстарды жұмсау бойынша қаражат тиімсіз игерілген
2020 жылы тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты 570 миллиард теңгені құрады. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Бюджеттің орындалу тиімділігі жөнінде: игеру әлі де жалғасып жатыр. Алайда, нәтижеге қол жеткізу үшін қайта форматтау әлі дұрыс жүріп жатқан жоқ. 2020 жылы тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының сомасы 570 миллиард теңгені құрады. Бұған республикалық бюджетке қаражатты қайтару да, қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражат қалдықтары да кіреді. Сондай-ақ мемлекеттік аудит органдары анықтаған бұзушылықтар бар. Соның ішінде дағдарысқа қарсы ресурстарды жұмсау бойынша қаражат тиімсіз игерілді», - деді Наталья Годунова.
Оның айтуынша, бұл қаражат пандемия салдарын жеңілдету мақсатын дұрыс атқармаған. Сондықтан Есеп комитеті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу кезінде ведомство өткен жылы бастаған мемлекеттік ресурстарды тиімсіз пайдаланғаны үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту жөніндегі жұмысты жалғастыру аса маңызды деп санайды.
Сонымен қатар, Годунова Қазақстанда сыртқы қарыздарға қатысты айтты. Есеп комитетінің төрайымы тиімсіз қарыз тартқандар үшін дербес жауапкершілік енгізу қажеттігін айтты. Айтуынша, мұнай-газ секторына деген тәуелділік төлем балансы мен ұлттық валютаның тұрақтылығын нашарлатады, ал өсіп келе жатқан мемлекеттік қарыз елдегі макроэкономикалық тұрақтылыққа қауіп төндіреді.
Еске салайық, Есеп комитеті Қазақстандағы дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген ақшаны пайдалану аудитінің қорытындысы бойынша 355 миллиард теңге заңбұзушылықтарды анықтаған.