ШұғылБір тәулікте Қазақстанда 7691 адамнан коронавирус анықталды

Мәжіліс депутаты: «Ұлттық қорды ойламау - елдің болашағы туралы ойламау»

Былтыр республикалық бюджет кірістерінің 45%-ын Ұлттық қордың трансферттері құраған

Аманжан Жамалов, Мәжіліс депутаты

«Салықтық әкімшілендіру жүйесін реформалау» бағдарламасын жүзеге асыру үшін миллиардтаған теңге жұмсалды. Алайда нәтижесінде Мемлекеттік кіріс комитетінің 16 ақпараттық жүйесінің 12-сі  ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай келмейді. Бұл туралы Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Парламенттің бірлескен отырсында мәлімдеді.

Депутат келтірген деректерге сүйенсек, 2020 жылы бюджеттің салықтық түсімдері 17,4%-ға төмендеген, ал 2021 жылғы 1 қаңтарға бюджетке жалпы берешек құны 378 млрд теңгені құраған.

«Осы проблемалардың барлығы «Салықтық әкімшілендіру жүйесін реформалау» бағдарламасы шеңберінде шешілуге тиіс еді. Осы бағдарламаны іске асыруға 11 жыл ішінде миллиардтаған теңге жұмсалды. Нәтижесінде Мемлекеттік кіріс комитетінің 16 ақпараттық жүйесінен 12 жүйесі ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай келмейді, оның ішінде 9-ы өнеркәсіптік пайдалануға енгізілмеген. Ал салықтық және кедендік жұмысты жақсартудан 2020 жылы қазынаға түсуі тиіс 1,5 трлн теңге мөлшеріндегі қосымша түсімдер сол күйі түскен жоқ. Нақты сома 221 млрд теңгені құрады», - деді Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Аманжан Жамалов.

Мәжіліс депутатының айтуынша, Салықтық әкімшілендіру әлсіз болғандықтан бюджетке қаржы Ұлттық қордың есебінен тартылуда. 2020 жылы республикалық бюджет кірістерінің 45%-ын (4,8 трлн теңге) Ұлттық қордың трансферттері құрады.

«Бұл – соңғы жылдардағы ең жоғарғы көрсеткіш. Үкіметке болашақта, ұлттық қорсыз тек борыштары ғана қалуы мүмкін екенін түсінетін уақыт келді. Сондықтан бүгін Ұлттық қор туралы ойламау - ол елдің болашағы туралы ойламаумен бірдей. 2020 жылы коронавирусқа қарсы күреске 6,9 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 3,5 трлн теңге бөлінді. Бұл сомалар қалай игерілді? Есеп комитетінің деректері бойынша оларды, игеру кезінде көптеген бұзушылықтарға жол берілген. Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану практикасы жалғасуда. 2020 жылғы көрсеткіш (569 млрд теңге) 2019 жылға қарағанда 33%-ға артық. Таң қалатыным, оның 10%-ы, яғни 56 млрд теңгесі квазимемлекеттік секторға қатысты. Өкінішке қарай, Үкімет әлі күнге дейін стратегиялық мақсаттар мен бюджет шығыстарының тиімділігін бағалайтын әдістемені қабылдаған жоқ, ол бюджеттің атқарылу сапасына әсер етеді», - Аманжан Жамалов.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан