Қазақстанның вакцинация паспорты 5 мемлекетке жарамды
Сыртқы істер министрлігі шет мемлекеттермен вакцинация паспортын өзара мойындау мәселесін пысықтап жатыр
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанның вакцинация паспорты қай елдерге жарамды екенін айтты.
«Қазіргі уақытта үш ел вакцинация паспортын екіжақты форматта мойындау туралы ниет білдірді: Моңғолия, Венгрия және Тайланд паспорттарды өзара мойындау туралы өтінішпен жүгінді. Бүгінде олармен жұмыс істеп жатырмыз. Бұған қоса, Түркия, Кипр сынды елдер барлық елдің вакцинация паспортын мойындайды», - деді министр ОКҚ-да өтіп жатқан баспасөз мәслихаты барысында.
Ведомство басшысының айтуынша, ҚР Сыртқы істер министрлігі шет мемлекеттермен вакцинация паспортын өзара мойындау мәселесін пысықтап жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков қазақстандық вакцинация паспорты бар туристерді қабылдау бойынша Мальдив аралдары билігімен келіссөз жүргізіліп жатқанын айтты.