ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте КВИ жұқтырғандар саны күрт өсті

Қазақстандықтар Өзбекстанның жетістіктеріне шын ниетімен қуанады - Тоқаев

Қазақстан Президенті Өзбекстанның премьер-министрі Абдулла Ариповты қабылдады

Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи сын-қатерлер кезінде тұрақтылықтың жоғары деңгейін көрсеткен екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалына оң бағасын берді. Президенттің пікірінше, бұған жоғары деңгейдегі белсенді диалог, үкіметтер арасындағы тығыз ықпалдастық, сондай-ақ, тараптардың екі ел ортасындағы көпқырлы байланыстарды нығайтуға ұмтылысы дәлел бола алады.

«Екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық менің Өзбекстанға жасаған сапарым кезінде құрметті әріптесім Шавкат Миромонұлы Мирзиёевпен келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес жоғары деңгейде әрі табысты дамып келеді. Біз бауырлас Өзбекстанмен ықпалдастықты дамытуға баса мән береміз. Өйткені мұны Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтаудың маңызды фактор деп санаймыз. Екі ел арасындағы ынтымақтастықты әртүрлі бағытта, ең бастысы, мазмұндық тұрғыдан ілгерілететін бірлескен бірқатар жобалардың бар екенін атап өткім келеді», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бүгінде Өзбекстанның көптеген салалар бойынша табысты дамып, онда жоспарлы түрде үлкен реформалардың жүргізіліп жатқанын мәлім етті. Президенттің сөзінше, қазақстандықтар стратегиялық әріптесіміз әрі одақтасымыз Өзбекстанның жетістіктеріне шын ниетімен қуанады.

«Өзбекстан Шавкат Миромонұлы Мирзиёевтің басшылығымен әлеуметтік-экономикалық даму бойынша айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Бауырлас ел болғандықтан біз бұған қуаныштымыз. Әрине Өзбекстанның табысты дамуы өзара тиімді ынтымақтастықты өркендетуге оң ықпал етеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Абдулла Арипов өз кезегінде кездесуге мүмкіндік туғызғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің жүрекжарды сәлемі мен ізгі ниетін жеткізді.

«Шавкат Миромонұлы мен Сіздің, Қасым-Жомарт Кемелұлы тұрақты әрі өзара сенімге негізделген қарым-қатынастарыңыздың арқасында көпжақты қазақ-өзбек ынтымақтастығының оң қарқыны сәтті қалыптасты. Алдағы жылдары өзара сауда-саттық көлемін 10 миллиард долларға жеткізу міндетін жүктедіңіздер. Екі ел үкіметтері осы межеге нақты қол жеткізуді көздейді», – деді Абдулла Арипов.

Мемлекет басшысы үкіметтердің жұмыс қарқынын бәсеңдетуге болмайтынын атап өтіп, коронавирус кезеңінен кейінгі екі ел арасындағы сауда-экономикалық ықпалдастықты арттыру үшін барлық әлеуетті жұмылдырудың маңызды екеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесу барысында Өзбекстан Президентінің өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға мемлекеттік сапарын ұйымдастыру жөнінде уағдаласқанын айтты.

Кездесу соңында Қазақстан Президенті Өзбекстанның Премьер-Министрі Абдулла Ариповті  қазақ-өзбек байланыстарын дамытуға және достық арқауын нығайтуға қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі Достық орденімен марапаттады.