$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.05.2021, 18:02
Үкімет

Қазақстан тарапы Беларусь әуе компаниясына тыйым сала ма – Азаматтық авиация комитетінің жауабы

Еуропаның бірқатар елдері Belavia әуе компаниясының рейстеріне тыйым салды

Қазақстан тарапы Беларусь әуе компаниясына тыйым сала ма – Азаматтық авиация комитетінің жауабы
Коллаж

24 мамырда Афина - Вильнюс бағыты бойынша ұшып бара жатқан Ryanair ұшағының Минскіге шұғыл қонуы және Nexta арнасының негізін қалаушы Роман Протасевичтің ұсталуына қатысты жанжалдан кейін Беларусьтің Belavia авиакомпаниясы бірқатар Еуропа еліне қатынай алмай қалды.  

26 мамыр Belavia сайтында Польша, Италия, Нидерланды, Германия, Австрия, Бельгия, Испания және Калининградқа 2021 жылдың 30 қазанына дейін рейстердің тоқтатылғаны туралы хабарланды. Сондай-ақ, Эстония билігі бұл бойкотқа қосылуға уәде беріп, шешім қабылдауды бірнеше күнге кешіктіретінін мәлім етті.

Тіпті, Қазақстандық авиакомпания да (Air Astana) 31 мамырда ашылады деп жоспарланған Минск бағытындағы рейстерін тоқтатты. Рейстерді тоқтату туралы шешім 20 мамырда қабылданды. Air Astana бұл шешімін «коммерциялық жүктеменің төмендігіне байланысты» деп түсіндірді.

Azattyq Rýhy тілшісі аталған жағдайдан кейін Қазақстан-Беларусь елдері арасындағы әуе рейстерін орындайтын компанияларға қатысты ақпарат алу үшін Азаматтық авиация комитетіне ресми сауал жолдаған болатын.

«Қазақстан мен Беларусь республикалары арасында рейстерді Belavia әуе компаниясы орындайды. Қазақстандық әуе компаниялар тарапынан рейстер орындалмайды. Belavia компаниясы аптасына үш рет жиілікпен Минск - Нұр-Сұлтан - Минск бағыты бойынша ұшады. Екі ел арасындағы әуе қатынасының жабылу ықтималдығы немесе Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде ұшуға тыйым салу мәселесі «Қазаэронавигация» РМК-ның құзыретіне кірмейді», - делінген комитеттің ресми мәлімдемесінде.  

Еске салсақ, ЕО саммиті 24 мамырдан бастап Беларусь авиакомпанияларының ЕО-ға ұшуына тыйым салды. Сондай-ақ еуропалық әуе тасымалдаушылардың бәріне Беларусь әуе кеңістігінен бас тарту ұсынылды. Литва өзінің авиакомпанияларына «агрессор елдің» территориясы арқылы ұшуға тыйым салды. Бойкотқа Lufthansa (Германия), AirBaltic (Латвия), SAS (Скандинавия), Wizz Air (Венгрия), KLM (Нидерланды) мен Avia Solutions (Кипр) сияқты жеке меншік авиакомпаниялары қосылды.

Қазір Беларусь әуе кеңістігін пайдаланатын бірнеше елдің (Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан) авиакомпаниялары ғана қалды. Аэрофлот, S7, Azur Air, Utair, AirChina ел аумағында штаттық режимде ұшуды жалғастыруда. Алайда, іс жүзінде ұшақтар саны азайды.

Еуропалық Одақтың Беларуське салған санкциялары елдегі монополист тасымалдаушы Belavia әуе компаниясының банкротқа ұшырауына әсер етуі әбден мүмкін.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары