Еңбек министрлігі «50 мың теңге алу үшін төлем жүргізу қажет» деген ақпаратты жоққа шығарды
Ведомство өкілдері жалған ақпарат таратуға қатысты заңда жауапкершілік қарастырылғанын ескертті
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі әлеуметтік желіде тараған «50 мың теңге алу үшін төлем жүргізу қажеттілігі» туралы тараған ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.
Министрліктің хабарлауынша, мессенджерлер мен әлеуметтік желіде тараған 50 мың теңге мөлшерінде әлеуметтік көмек тағайындау бойынша қызметтер үшін 3 120 теңге мөлшерінде төлемді жүзеге асыру қажеттігі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.
«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда тағайындалуы міндетті түрде қандай да бір төлемдерді аударуға «байланыстырылған» жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер жоқ екенін хабарлайды. Азаматтардан жалған ақпаратқа назар аудармауды және ақпаратты тек ресми көздерден ғана алуды сұраймыз», - делінген хабарламада.
Ведомство жалған ақпарат таратуға қатыст заңда жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.