Қазақстанда шетелдік студенттер мен еңбек мигранттары үшін вакцина тегін - ДСМ
ВАК отырысында осындай шешім қабылданған
Қазақстанда үш айдан аса уақыт жүрген шетелдік студенттер мен еңбек мигранттары вакцинаны тегін салдырады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халық алдында есеп беру кездесуінде мәлімдеді.
Алексей Цой қазір Қазақстан азаматтары үшін де, тұруға ықтиярхаты бар және ел аумағында тұрақты тұратын азаматтар үшін де вакцинация тегін жүргізіліп жатқанын айтты.
«Кеше ҚР аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында 3 айдан аса уақыт елде болған шетелдік студенттер мен еңбек мигранттары да еліміздің ұжымдық иммунитетін қамтамасыз ету үшін тегін егіледі деген шешім қабылданды», - деді министр.
Айта кетейік, Қазақстанда коронавирусқа қарсы үш вакцина қолжетімді. Қазір елімізде «Спутник V» және отандық QazVac вакцинасын егу жүргізіліп жатыр. Енді оған БАӘ-де қытай технологиясымен өндірілетін Hayat-Vax вакцинасы қосылады.