Тоқаев QazVac вакцинасын әзірлеген ғалымдарға алғысын айтты
26 сәуірде халыққа отандық QazVac вакцинасын салу басталады

Коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаның алғашқы партиясы жөнелтілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев QazVac вакцинасын әзірлеген ғалымдарға алғысын айтты.
«QazVac вакцинасы еліміздің өңірлеріне жеткізіле бастады. Барлық азаматтарға қолжетімді болу үшін отандық екпе өндірісін ұлғайтамыз. Қазақстан әлем бойынша өз вакцинасын шығарған бірнеше елдің қатарында. Екпені әзірлеген ғалымдар мен мамандардың бәріне алғыс айтамын!», - деп жазды Президент.
QazVac вакцинасының алғашқы 50 мың дозасы «СҚ-Фармацияның» хабтарына таратылып, одан әрі еліміздің барлық өңірлеріндегі денсаулық сақтау басқармаларының қоймаларына жеткізіледі. Биыл 26 сәуірде халықты «QazVac» вакцинасымен вакцинациялау басталады. Мамыр айында 50 мың доза көлеміндегі вакцинаның кезекті партиясын шығару жоспарлануда. Бұдан әрі вакцина өндірісі кезең-кезеңмен айына 500-600 мың дозаға дейін ұлғайтылатын болады.