$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.04.2021, 12:50
Үкімет

Су мәселесімен айналысатын ведомство көп, бірақ мамандар тапшы - депутат

Қазақстанда су саясатын жүзеге асыруға 172 құрылымдық бөлімше мен ұйым тартылған

Су мәселесімен айналысатын ведомство көп, бірақ мамандар тапшы - депутат
Көрнекі фото: ашық дереккөзден

Бүгінде елдегі су мәселесімен 8 министрлік, жергілікті атқарушы органдар және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының компаниялары айналысады. Алайда су ресурстарын басқарудың мемлекеттік жүйесінде бытыраңқылық көп. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова төменгі палатаның кезекті отырысында айтты.

«Су қорын пайдалану саласындағы саясатпен ЭГТРМ, мелиорациямен – АШМ, тарифтерді қалыптастырумен және экономика салаларын сумен қамтамасыз етумен – ҰЭМ, сумен жабдықтау және су бұруды үйлестірумен – ИИДМ, трансшекаралық өзендермен – ЭГТРМ және СІМ, ірі СЭС-ті басқарумен - Самұрық-Энерго, жерасты суларын барлау мен қайта бағалаумен – әкімдіктер айналысады. Су ғылыми орталықтары БҒМ мен АШМ-ге жатады, дегенмен су ресурстары комитеті ЭГТРМ құрамына кіреді. Осылайша, су саясатын жүзеге асыруға 172 құрылымдық бөлімше мен ұйым тартылған», - деді Сүлейменова.

Мәжіліс депутаты «қойшы көп болса, қой арам өледі» дегенді меңзеп, осы саладағы қордаланып қалған проблемаларды тізіп шықты.

«Бүгінде салада су мамандарының тапшылығы байқалуда. Бұған дейін трансшекаралық суды бөлу мәселелері бойынша шекаралас мемлекеттермен бірнеше рет келіссөз жүргізілді. Алайда, бізде су дипломатиясы саласында келіссөз жүргізетін мамандар тапшы болып шықты. Бірнеше ғылыми институттар материалдық-техникалық қамтамасыз етудің проблемаларын бастан кешіруде. Мәселен, су саласындағы жабық сипаттағы жобаларды жүзеге асыратын және Қытаймен су жөніндегі келіссөздерді сараптамалық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін жалғыз География және су қауіпсіздігі институты бірнеше жылдан бері өзінің жеке ғимараты мәселесін шеше алмай келеді», - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Жұлдыз Сүлейменова Үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған сауалында су ресурстары мәселесін ұлттық жоба шеңберінде шешуді ұсынды.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары