Мәжіліс депутаттары техникалық қызметкерлердің жалақысын көтеруді ұсынды
Мамандардың еңбекақыларының көтерілмегеніне 5 жыл болған
Жедел жәрдем жүргізушілерінің жалақысы шамамен 70-75 мың, мектептер мен балабақшадағы техникалық қызметкерлердің жалақысы – шамамен 50 мың теңге. Мамандардың еңбекақыларының көтерілмегеніне 5 жыл болған. Өзекті мәселе Мәжілістің жалпы отырысында айтылды.
«Біздің азаматтарымыздың бұл санаты тіпті ипотека бойынша тұрғын үйге қол жеткізе алмайды және ондаған жылдар бойы жалдамалы пәтерлерде тұрады. Жалақыларына дұрыс киіне алмайды, балаларын асырай алмайды, күнделікті мәселелерді шеше алмайды. Осындай жалақыға қалай өмір сүрсін? Біз техникалық кадрлардың әлеуметтік саладағы, яғни білім беру, денсаулық сақтау жүйесіндегі, мәдениеттегі мүдделерін қорғау мәселесі мемлекет назарынан тыс қалды деп санаймыз», - деді Мақсат Раманқұлов Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған сауалында.
Мәжіліс депутатының айтуынша, осы салада еңбек етіп жүрген азаматтардың 90 пайызында несиелері бар. Ал Үкімет тарапынан оларға ешқандай әлеуметтік көмек көрсетілмейді.
«Аталған факторлар әлеуметтік «жарылысқа» ұласуы мүмкін әлеуметтік шиеленісті күшейте түседі. Мемлекеттің ішкі саясаты ұлттың рухани тәрбиесін дамытуға бағытталуға тиіс. Медицина және мәдениет пен білімi жоқ ұлттың келешегі де жоқ. Жоғарыда айтылғандарға байланысты, Үкімет осы мәселеге назар аударып, аталған санаттағы қызметкерлерді лайықты табыс деңгейімен қамтамасыз етуі керек», - деді Мақсат Раманқұлов.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан