ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2443 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

Ақталуға тиіс саяси қуғын-сүргін құрбандарының тізімі кеңейтіледі - вице-премьер

Мемлекеттік комиссияның жұмыс жоспарында 19 іс-шара көзделген

Көрнекі фотосурет: Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасы

Саяси қуғын-сүргін мәселелері жөніндегі Архив материалдарының қоры жаңа мәліметтермен толықтырылады. Қазір бұл қорда саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты 1 040 бірлік мұрағаттық іс сақталған. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте вице-премьер Ералы Тоғжанов мәлімдеді.

Оқи отырыңыз: Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияға енген ғалымдар негізгі жұмысынан уақытша босатылды

Ералы Тоғжанов 2020 жылғы Президент жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғанын еске салды. Мемлекеттік комиссияның жұмыс жоспарында 19 іс-шара көзделген.

«Іс-шараларды іске асыруға ғалымдар, сарапшылар, арнайы комиссиялар мен жұмыс топтарын құра отырып, архив мекемелерінің қызметкерлері тартылды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау тәсілдері мен критерилерін әзірлеу үшін ғалымдармен, өлкетанушылармен, құқық қорғаушылармен, мемлекеттік комиссия мүшелерімен дөңгелек үстелдер, онлайн-конференциялар, кеңестер өткізіледі. Барлық материалдар қуғын-сүргін түрлері мен қуғын-сүргін санаттары бойынша жіктеледі», - деді ол.

Белгілі болғаны, комиссия басшылары Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктерінің қызметкерлерімен бірге өңірлік комиссиялардың қызметін бақылау үшін көшпелі инспекциялар жүргізеді.

«Мәдениет және спорт министрлігі 2021 жылы Ұлттық мұрағат және Орталық мемлекеттік мұрағат базасында саяси қуғын-сүргін мәселелері бойынша мамандандырылған мұрағаттық материалдар қорын құрды. Бүгінде аталған қорда саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты 1 040 бірлік мұрағаттық іс сақталуда. Қор комиссия қызметі шеңберінде жаңадан құпиясыздандырылған құжаттар есебінен толықтырылады», - деп атап өтті вице-премьер.

Ералы Тоғжанов комиссия қызметінің қорытындысы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселелерін заңнамалық қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілетінін айтты.

«Біріншісі – «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы» және екіншісі – «Қолданыстағы бірқатар заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары әзірленеді. Сондай-ақ, саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалтудың жаңа тетіктері пысықталып, ақтауға құқығы бар адамдардың тізбесі кеңейтіледі», - деп түйіндеді ол.