Зейнетақы жинағының бір бөлігін алу: қазақстандықтардың шотына 1 трлн теңге аударылды
Салымшылардың басым бөлігі қаржыны тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында пайдаланған
8 сәуірдегі жағдай бойынша уәкілетті оператор банктерде, сондай-ақ инвестициялық басқарушыларда ашылған қазақстандықтардың арнайы шотына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 1,031 трлн теңгеден астам қаржы түсті.
1,02 трлн теңгені БЖЗҚ салымшылары мен алушылары тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалануда. Бұл ретте БЖЗҚ-ға уәкілетті операторлардан түскен салымшылардың (алушылардың) өтініштеріне сәйкес, алынған соманың шамамен 33,5% тұрғын үйді ипотекасыз (толық сатып алу) алуға, шамамен 30%-ы ипотекалық қарызды өтеуге, оның ішінде ислам банкінің қаржыландыруы (толықтай немесе ішінара) шеңберінде, 23% астам сома жақын туыстарына беруге жоспарлануда.
Ел тұрғындары емделу мақсатында 3,5 млрд теңгеден астам қаржы алған. Орташа есеппен алғанда бір өтініш бойынша емделуге 1 млн теңге зейнетақы жинақтары аударылады. Өтініштердің басым бөлігі Алматы қаласы (20,9%), Нұр-Сұлтан қаласы (17,5%) және Атырау облысының (8,05%) тұрғындарынан келіп түсті.
8 сәуірдегі жағдай бойынша зейнетақы портфелін басқарушыларға (ИПБ) шамамен 2,3 млрд теңге зейнетақы активтері аударылды. Келіп түскен 1265 өтініштің 947-і орындалды. Аударымдардың орташа сомасы 2,4 млн теңге.