Отандық ғалымдар әзірлеген QazVac вакцинасы Түркияда құйылады

Ералы Тоғжанов Түркиямен жасалған келісім туралы айтты

Отандық ғалымдар әзірлеген QazVac вакцинасы Түркияда құйылады
Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Сәуірдің аяғында Қазақстан отандық QazVac вакцинасының алғашқы 50 мың дозасын алып, екпенің алғашқы легі Ақтөбе облысы, Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтанға жеткізіледі. Мамырда тағы 50 мың доза шығару жоспарланып отыр. Бұл туралы вице-премьер Ералы Тоғжанов мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда вакцина өндіру қуатын айына 500 мың дозаға дейін жеткізу өте қиын. Сол себепті, бұл айлық межеге жетуге үшін маусым айынан бастап үлкен өндіріске шығу жоспарланып отыр. Осы ретте, Қазақстан үкіметі Түркиямен келісімге келіп, отандық ғалымдар әзірлеген вакцина Түркияның өндірістік базасында құйылатыны жайлы уағдаластық болған.

«Түркия тарапымен келісім бар. Олардың вакцинасы жоқ, бірақ үлкен өндіріс орындары бар. Нақты уағдаластық бар, алдын ала келісімге қол қойдық. Сондай-ақ олармен зауытты сүйемелдеу және салу туралы келісімге қол қойдық. Бұдан басқа, оның халықаралық стандарттардың, бірінші кезекте GMP талаптарына сәйкес келуі үшін және жабдықтың өзін монтаждауға сүйемелдеу туралы уағдаластық бар. Түркияда тек құйылады, ал өндіріс - біздікі», - деді Ералы Тоғжанов.

Айта кетейік, отандық ғалымдар әзірлеген коронавирусқа қарсы вакцинаның ғылыми атауы - QazCovid-in, ал сауда нарығындағы атауы - QazVac.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.