$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.04.2021, 12:46
Саясат

Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияға енген ғалымдар негізгі жұмысынан уақытша босатылды

Ғалымдардың жалақысы мен барлық әлеуметтік төлемдері сақталады

Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияға енген ғалымдар негізгі жұмысынан уақытша босатылды
көрнекі сурет

8 сәуірде ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның екінші отырысы өтті.

Жиын барысында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мен оның өңірлік филиалдарының биылғы атқарған қызметі талқыланды.

Мемлекеттік комиссияның төрағасы Қ.Көшербаев аталған комиссияның жұмысын ұйымдастыру кезеңі аяқталып, еліміздің түрлі архивтерінде ғалымдардың және сарапшылардың белсенді зерттеу жұмыстары басталғанын атап өтті.

Комиссияның қызметін қамтамасыз ету үшін арнайы жобалық офис құрылып, оның құрамына ғалымдар, зерттеушілер және мемлекеттік органдардың өкілдері кірген. Сонымен қатар Мемлекеттік комиссия жұмысының барлық бағытын толық қамту үшін 11 жұмыс тобы құрылды. Әр топ өз қызметін қуғын-сүргін құрбандарының санатына сәйкес тақырыптық жоспарлар мен белгілі бір әдістемелер аясында жүзеге асырады.

Мемлекеттік комиссияның жұмысын жүйелі ұйымдастыру үшін еліміздің барлық аймақтарында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиялар құрылды. Оларды облыстардағы әкімдердің орынбасарлары басқарады және құрамында ғалымдар, көрнекті қоғам қайраткерлері және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері бар.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәжіліс барысында жұмыс топтарының барлық мүшелері жабық және арнайы архивтерде жұмыс істеуге рұқсат алғанын атап өтті. Ғалымдардың жалақысы мен барлық әлеуметтік төлемдері сақтала отырып, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарындағы негізгі жұмыстарынан уақытша босатылды.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Саяси қуғын-сүргін мәселелері жөніндегі арнайы архив қорын және Ұлттық жад институтын құру жұмыстары туралы айтты.

Отырыс барысында Саяси қуғын-сүргін жөніндегі жабық архив қорларын жан-жақты зерделеу және оларды кезең-кезеңімен құпиясыздандыру үшін шағын комиссия құру жөнінде шешім қабылданды.

Жиын қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы ведомстволық және мемлекеттік архивтердің қызметін жетілдіруге, архивтердегі ғалымдар мен зерттеушілердің жұмысы үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірқатар тапсырма берді. Өңірлік комиссиялардың қызметін жандандырып, олардың қызметін қаржыландыру, сондай-ақ, мемлекеттік комиссия қызметінің ақпараттық стратегиясын қалыптастыру міндеттері белгіленді.

Серіктес жаңалықтары