Коронавирус вакцинасын салдыру үшін eGov арқылы өтініш беруге болады – Алексей Цой
Қазақстанда коронавирус вакцинасының екі компонентін қабылдағандар саны 80 мыңға жуықтады

Қазақстанда коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау басталды. Үкімет басшысы Асқар Мамин 2021 жылдың қыркүйегінде Қазақстан халқына екпе жүргізу жұмыстары толық аяқталатынын айтты.
Ерікті түрде вакцина салдыруға келіскен жандарға ыңғайлы болу үшін 8 сәуірден бастап «электрондық үкімет» порталында «вакцинацияға жазылу» қызметін іске қосу жоспарлануда. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.
«Сәуірден бастап вакцинациялауға жататын адамдардың санаты кеңейтілді. Вакцинациялау кестесін жергілікті атқарушы органдар әзірлейді. Бүгінде коронавирус вакцинасының бірінші компонентін қабылдағандар саны - 217 070, екі компонентін қабылдағандар – 79 541 азамат. Республика бойынша 1000 тұрғынға шаққанда көрсеткіш – 11,5. Оның ішінде медицина қызметкерлері – 87 532 адам (40%), педагогтар – 37 298 (17%), күштік құрылым қызметкерлері – 16 790 (7,7%), ЖӨБ персоналы мен контингенті – 1124 (0,5%), басқалары – 74326 (34%). Вакцина алғандардың 0,8%-ында катаральды синдром, дене температурасының жоғарылауы сияқты күтілетін реакция байқалды», - деді Алексей Цой.
ДСМ берген ақпарат бойынша, «электрондық үкімет» порталында «вакцинацияға жазылу» үшін азамат авторизациялануы және өтінім беруі қажет. Онда тек тіркеу аймағы бойынша медициналық ұйымды көрсету қажет, содан кейін өтінім медициналық ұйымның қарауына жіберіледі. Медициналық ұйым вакцинация жүргізу уақытын көрсете отырып, өтінімдерді бөледі. Сосын азамат «электрондық үкімет» порталында медициналық ұйымға баратын күнді және уақытты көреді, сондай-ақ қосымша SMS хабарлама алады.