Қазақстандықтар үшін ЕуроОдақтың визалық режимін жеңілдетуге қатысты мәселелер қаралды
Мажарстан елінде мыңға тарта қазақстандық студент білім алып жатыр

Бүгін Қазақстан азаматтары үшін Еуропалық Одақтың визалық режимін жеңілдетуге қатысты мәселелер қаралды. Бұл туралы Қазақстан мен Мажарстан елдерінің Сыртқы істер министрлерінің елордада өткен кездесуінде мәлім болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Мажарстан Сыртқы экономикалық байланыстар және Сыртқы істер министрі Петер Сийарто елімізге жасаған сапары аясында ҚР вице-премьері - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен келіссіөздер жүргізді.
«Біз Петер Сийарто мырзамен ашықтық пен өзара түсіністік рухында саяси, сауда-экономикалық, және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Мажарстан байланыстарын, сондай-ақ, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің шеңберіндегі іс-әрекетімізді пандемия жағдайында да одан әрі кеңейту жөніндегі қадамдарымызды талқыладық. Қазақстан мен Мажарстан іс-қимыл жасап, күш-жігерін жұмылдыратын өзара мүдделі халықаралық сипаттағы бірқатар мәселелер, оның ішінде Қазақстан азаматтары үшін Еуропалық Одақтың визалық режимін жеңілдетуге қатысты мәселелер қаралды», - деді ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.
Екіжақты келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды. Дәлірек айтқанда, Сыртқы істер министрліктері арасындағы қарым-қатынасты дамытуға ресми көмек саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум; Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институты мен Мажарстан сыртқы экономикалық байланыстар және Сыртқы істер институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум; ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Мажарстан Адами ресурстар министрлігі арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы бағдарлама құрылды.
Сондай-ақ, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізінде аталған бағыттардан бөлек, білім алу саласында да тиімді келісімдер орнаған. Бүгінде Мажарстан елінде мыңға тарта қазақстандық студент білім алуда. Ал ондағы жергілікті билік жыл сайын оларға 250 білім грантын бөліп отыр.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан