ШұғылҚазақстанда коронавирусты қайта жұқтыру бойынша 800-ге жуық жағдай тіркелді

2025 жылға дейін Қазақстанда тағы 5,2 мың шақырым жол ақылы болады

Жыл соңына дейін ақылы жолдар есебінен 25,6 млрд теңге жинау жоспарланып отыр

көрнекі фото

Биыл наурыз айында 5,8 мың шақырым жолда ақылы жүйе өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді. Ал қалған 5,2 мың шақырым жолға ақылы жүйе енгізу 2024 жылдың соңына дейін жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді.

Министр реконструкцияланған автожолдарды нормативтік күтіп ұстау үшін ақылы жолдар енгізіліп жатқанын, бұл республикалық бюджетке жүктемені азайтуға мүмкіндік беретінін айтты. Атамқұловтың айтуынша, ақылы учаскелер қауіпсіздік талаптары мен пайдаланушыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік бермек.

«Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша наурыз айында 5,8 мың шақырым жолға ақы алу жүйесі өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді. Жоспарланған ақы жыл соңына қарай 25,6 млрд теңгені құрайды: оның ішінде 20 млрд теңге - ақылы учаскелерді күтіп ұстауға, 5,6 млрд теңге - ЖТК ұстау және инвестицияларды қайтару», - деді ол.

Ведомство басшысы атап өткендей, қалған 5,2 мың шақырымға ақылы жүйе енгізу 2024 жылдың соңына дейін жоспарланып отыр.

Айта кетерлігі, 2021 жылы республикалық жолдардың 4,7 мың шақырымы жол-құрылыс жұмыстарымен қамтылады. Жыл қорытындысы бойынша ұзындығы 768 шақырым Талдықорған-Өскемен учаскесін қайта жаңарту жоспарланған. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласын өңірлермен байланыстыратын төрт жолақты жүрдек автомагистральдардың құрылысы жалғасады.

«Көкшетау, Павлодар және Қарағанды бағыттары бойынша учаскелер аяқталды. Қазір Қарағандыдан Қапшағай қаласына дейінгі учаскеде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін Балқашқа дейінгі учаскені және келесі жылы Қапшағай қаласына дейінгі жолды пайдалануға береміз. Осымен Орталық-Оңтүстік дәлізін қайта жаңарту аяқталады», - деп толықтырды Бейбіт Атамқұлов.

Бұдан басқа, 2021 жылы әлеуметтік мәні жоғары және Орта Азия елдерімен транзитке әсер ететін Меркі - Бурылбайтал автожолындағы негізгі жұмыстарды аяқтау жоспарлануда.