Үкімет үш айда 6 млн қазақстандықты вакцинациялап үлгере ме?
Сәуірде Қазақстанға коронавирусқа қарсы вакцинаның 2 млн дозасы жеткізіледі

Алдағы үш ай ішінде Қазсқстанда 6 миллион адам коронавирусқа қарсы вакцина алады. Бұл туралы Үкімет басшысы Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Қазіргі басты міндет – санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру және вакцина алғандар санын арттыру. Осы бағытта нақты жұмыс ұйымдастырылды. Министрлік вакцинациялау бойынша жоспар әзірледі. Биылғы сәуір, мамыр және маусым айлары аралығында өңірлерде ай сайын 2 млн адамға вакцина алу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі», - деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ Үкімет басшысы Асқар Мамин қыркүйек айында вакцинациялауға жататын 10 млн адамға вакцина салуды аяқтау жоспарланып отырғанын айтты.
«Денсаулық сақтау жүйесі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қажетті көлемімен толық қамтамасыз етілді. Ауруханаларда дәрі-дәрмектердің айлық қоры бар. Ал «СҚ-Фармация» қоймаларында және дәріханаларда 2 айлық қор жасалынды. Сонымен қатар, барлық өңірлерде 3 айлық дәрі-дәрмектердің, жеке қорғаныс құралдар мен шприцтері бар тұрақтандыру қорлары құрылды. Жалпы Мемлекет басшысының барлық тапсырмасын орындау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде», - деді Асқар Мамин.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау қарқыны туралы есеп берді. Министрдің айтуынша, 1 сәуірден бастап вакцинациялауға жататын адамдар санаты кеңейтілді. Ал вакцинация кестесін жергілікті атқарушы органдар жасайды.