Қазақстанға коронавирусқа қарсы вакцинаның 2 млн дозасы жеткізіледі
Бұл тиісті контингенттің 23,4%-ын қамтуы тиіс
ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау қарқыны туралы Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Министрдің айтуынша, 1 сәуірден бастап вакцинациялауға жататын адамдар санаты кеңейтілді. Ал вакцинация кестесін жергілікті атқарушы органдар жасайды.
«Бүгінде бірінші компонентпен 194 706 пациент, екінші компонентпен 72 110 азамат егілді. Республика бойынша 1 000 тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 10,3% құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында сәуір айында 2 млн доза вакцина жеткізіледі деп күтілуде, бұл тиісті контингенттің 23,4%-ын қамтуға мүмкіндік береді», - деді Алексей Цой.
Министрдің айтуынша, иммундау жоспарына сәйкес, өңірлерге вакциналарды жеткізудің көлемі мен алдын ала мерзімдері анықталған.
«Сіздің тапсырмаңызды және қолданыстағы эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, сәуір айында Нұр-Сұлтанға вакциналарды жеткізу көлемі 284 мың, Алматыға - 464 мың, Шымкентке - 172 мың, Алматы облысына - 232 мың, Қарағанды облысына - 217 мың дозаға дейін ұлғайтылды. Өндірушілермен жүргізілген келіссөздерді ескере отырып, Қазақстанда бірінші жартыжылдықта вакциналардың 6 млн-нан астам дозасын қабылдау жоспарланып отыр. Бұл тиісті контингенттің 64%-ын қамтуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті ведомство басшылары.
Сонымен қатар, Алексей Цой облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының әкімдеріне халықты COVID-19-ға қарсы вакцинациялаумен қамтуды ұлғайту үшін уақытша егу пункттерін, адамдар көп жиналатын орындарда бригадаларды ұйымдастыруды қамтамасыз ету үшін, вакцинаны сақтауға арналған тоңазытқыш жабдықтардың жеткілікті санымен және көшпелі егу бригадалары егу үшін термоконтейнерлермен қамту қажеттігін айтты.
Еске сала кетейік, 1 сәуірде Мемлекет басшысының төрағалығымен еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөніндегі кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға бір ай ішінде жағдайды түземесе, қызметтен кетуі мүмкін екенін ескертті.
Сондай-ақ бұған дейін Мәжіліс депутаты Ирина Унжакова Денсаулық сақтау министрлігін сынға алып, коронавирусқа қарсы вакцинация бойынша тиісті жұмыс атқарылмай жатқанын ашық айтты.