СІМ-де сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес өтті
Қатысушылар министрліктің «Адалдық алаңы» жобасына қосылуын талқылады
ҚР Сыртқы істер министрлігінің алаңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті және парасаттылық идеологиясын қалыптастыру мәселелері бойынша бірлескен кеңес өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс-шараға Агенттіктің, сыртқы саяси ведомствосының, ведомстволық бағынысты ұйымдардың және Қазақстанның шет елдердегі мекемелерінің басшылары қатысты.
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев өз сөзінде СІМ сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, оның ішінде дипломатиялық қызмет қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге ерекше назар аударатынын атап өтті. Бұл тұрғыда олар үшін «Қазақстан Республикасы дипломатының кодексінде» бекітілетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт әзірленуде.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Дмитрий Малахов өз кезегінде Министрлікке жүктелген міндеттердің, атап айтқанда, инвестициялар тарту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырудың жоғары маңыздылығын атап өтті.
«Шетелдің қатысуымен жаңа өндірістерді құру бірқатар оң факторлардан тұратынын түсіну қажет: жұмыс орындары, салық төлемдерінің түсуі, ЖІӨ өсуі, бұл әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру мүмкіндігін де білдіреді», - деді Дмитрий Малахов.
Қатысушылар алдын алу жұмысының мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік берген СІМ-нің «Адалдық алаңы» жобасына қосылуын талқылады. Атап айтқанда, ағымдағы жылы Министрлік үш негізгі бағыт – консулдық қызмет, мемлекеттік сатып алу және инвестицияларды қорғау бойынша іс-шаралар жоспарын іске асырады.
Іс-шараға қатысушылар бірлескен заңнамалық бастамаларды пысықтау және инвестицияларды қорғау шеңберінде тиімді өзара іс-қимылды одан әрі нығайту маңыздылығына қызығушылық танытты.