Елбасы Исекешев пен Маминді қабылдады

Кездесуде Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында берілген тапсырмалардың орындалу барысы баяндалды

 

Елбасы Исекешев пен Маминді қабылдады

Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Әсет Исекешевті және «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесі Бюросының мүшесі, Премьер-министр Асқар Маминді қабылдады қабылдады. Бұл туралы Елбасының ресми сайты хабарлады.

Кездесуде Қазақстанның Тұңғыш Президентіне Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндалды.

«Біз Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізіп, онда маңызды мәселелерді талқыладық. Тиісті Стратегияны бекіттік, соның аясында жұмыс атқару қажет. Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты онда айқындалған міндеттердің жүзеге асырылу барысын қадағалауға тиіс», - деді Елбасы.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев отандық әскери-өнеркәсіптік кешенді дамыту мәселесіне ерекше назар аударды.

Әсет Исекешев 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі шаралар жоспарын дайындау барысы туралы баяндады. Сонымен бірге Аппараттың азаматтардың қауіпсіздігіне төнген қауіп-қатерлерді анықтау, алдын алу мен бейтараптандырудың жүйелі шараларын әзірлеуге бағытталаған жұмысы жайлы айтып берді.

Елбасы сонымен қатар, «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесі Бюросының мүшесі, Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады.

Кездесуде Қазақстанның Тұңғыш Президентіне партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындауға бағытталған Жол картасын жүзеге асыру бойынша жоспарланған шаралар туралы баяндалды.

Сондай-ақ Елбасыға жаһандық пандемия салдарынан туындаған дағдарыс жағдайында ұлттық экономиканың тұрақтылығын сақтау үшін атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мәлімет берілді.

«Үкімет алдында экономиканың 3 пайыздан артық өсімін қамтамасыз ету міндеті тұр. Бүгінде өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және ауыл шаруашылығы негізгі драйверлер болып саналады. Қызмет көрсету секторы қалпына келе бастады. Кәсіпкерлік субъектілерін қолдау үшін іскерлік белсенділікті ынталандыру шаралары үш бағытта жүргізіледі. Ол­ – қаржыландырудың қолжетімділігін қамтамасыз ету, бизнеске түсетін ауыртпалықты азайту және өткізу нарықтарының қолжетімділігін кеңейту», - деді Асқар Мамин.

Сонымен қатар кездесу барысында ұлттық экономикаға инвестиция тарту жұмысының маңызы атап өтілді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.