Мәжіліс депутаты мемлекеттік бағдарламаның орындалу нәтижесіне күмән келтірді
Депутаттар Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдады
Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарына арналған жол картасын (ЖҚЖК) іске асыру шеңберінде күмән келтіретін цифрлар бар. Мәжіліс депутаттары мемлекеттік бағдарламаның дұрыс орындалмауына байланысты Премьер-министр Асқар Маминге сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Үкімет пен бағдарлама әкімшілерінің есебі бойынша, 2021 жылдың 1 қаңтарында Жұмыспен қамтудың жол картасы елдің барлық 88 қаласы мен 1901 ауылдық елдімекенді толық қамтыды делінген. 238 903 адам жұмысқа орналастырылды немесе жоспардың 99%-ы орындалды деуге болады. Алайда, біз бұл сандардан нені көреміз. 238 903 адамның 6,6 мыңы ғана тұрақты жұмыс орнына орналастырылды, бұл 3%-дан аз», - деді депутат Файзолла Қаменов.
Бұл мақсатқа мемлекет 1 триллион теңге көлемінде қаржы қарастырып, бөлгенін атап өту керек.
«Бағдарлама әкімшілерінің есебінде көрсетілген жұмыссыздардың 1/3 бөлігі зейнетақы қорына аударымдарды төлеумен расталмайды. Жұмыссыздардың негізгі бөлігі қысқа мерзімді маусымдық жұмыстарға тартылды, олардың ұзақтығы кейде 1 айдан да аз болды. Жұмыспен қамтудың жол картасы құрған жұмыс орындары негізінен құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы біліктілігі төмен жұмысшыларға арналған, ал білікті мамандар шеттен тыс қалуда. Айта кету керек, бұл жағдай әкімшілердің бағдарламаны іске асыруға немқұрайды қарауынан туындайды», - деді депутат.
Оның айтуынша, бұл жағдайдан қаржылық және сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң бұзушылықтар туралы болжам жасауға болады.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасын іске асырудан салық қайтарымы мәселесін қозғайтын болсам, деректерге сәйкес іске асырылған жобалар шеңберінде төленген салықтар бар болғаны 5,5 млрд теңгені құрайды. Яғни, салық жүктемесінің коэффициенті 1%-дан кем. Бұл - өте төмен көрсеткіш. Мысалы, Павлодар облысында Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыруға қатысатын 97 субъектінің 82-сі салықшы есебінде осы облыста тіркелген. Ал олардың 42-сінің балансында учаскелері, мүлік объектілері, көлік сияқты негізгі құралдары жоқ», - деді Қаменов.