Ұлттық банк төрағасы инфляция жоғары өңірлерді атады
Азық-түлік инфляциясы жалпы бағаның өсуіне көп әсер етуде
Қазақстандағы инфляция деңгейі жоғары өңірлер белгілі болды. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Үкімет отырысында жылдық инфляция қаңтарда 7,4 пайызға дейін баяулағанын хабарлады.
Азық-түлік инфляциясы жалпы бағаның өсуіне көп әсер етуде. Азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсуі 11,3 пайыздан (2020 жылғы желтоқсан) 11,4 пайызға (2021 жылғы қаңтар) дейін артты.
«Өңірлер бойынша инфляцияда елеулі сәйкессіздіктер кездесуде. Жалпы, республика бойынша 11,4% деңгейінде болғанда 12%-дан жоғары азық-түлік инфляциясы Қарағанды облысында (12,7%), Атырау облысында (12,2%), Павлодар облысында (12,1%) тіркелді. Азық-түлікке жатпайтын инфляция бойынша елде 5,3% болғанда Маңғыстау облысы 6,9%-пен алдыңғы қатарға шықты», - деді Досаев.
Ұлттық банк төрағасы азық-түлік инфляциясының жеделдеуіне байланысты Үкімет пен әкімдіктер аса «сезімтал» тамақ өнімдері – өсімдік майы, қант, жұмыртқа бағасының өсуіне ерекше назар аударуы қажет екенін айтты.