ШұғылАналық капитал: депутаттар дүниеге келген әр сәбиге 4,2 млн теңге төлеуді ұсынды

«Ұйықтай беріңіз...». Сауда вице-министрі Мәжілісте сынға ұшырады

Қазақстан әзірлеген мемлекеттік стандарттардың саны Беларусьтен де аз

Ержан Қазанбаев, вице-министр

Бүгін Мәжіліс отырысында Қаржы министрінен кейін Сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаев та палата төрағасы Нұрлан Нығматулиннен сөз естіді. Ол «Мемлекетаралық стандарттау жөніндегі құжаттарды тарату туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын ұсынған еді.

Депутаттар жауапты шенеуніктердің мемлекетаралық қатынастарда қазақстандық стандарттарды ілгерілете алмағаны үшін және осының салдарынан тауарын шетелге экспорттайтын Қазақстан бизнесі зардап шегіп жатқаны үшін айыптады.

Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских Ресей және Беларусьпен салыстырғанда Қазақстан әзірлеген мемлекеттік стандарттардың саны неге аз екенін сұрады.

«Сіздің министрліктің дерегіне сәйкес, соңғы 3 жылда Қазақстан небәрі 168 стандарт әзірледі. Ресей Федерациясы, өз кезегінде, осы кезеңде 3 860, ал Беларусь - 725 дайындады. Оның себебі неде?» - деп сұрады Шиповских.

Министрдің міндетін атқарушы Ержан Қазанбаев оның себебін Ресей экономикасы ауқымды екенімен ғана түсіндірді.

«Не себепті Қазақстан стандарттарды аз әзірлейді? Дәл осы мәселе өнеркәсіптік қауіпсіздікке қатысты. Неліктен біз аз шығарамыз? Себебі, жұмыс істемейсіз! «Қазақстан мен Ресей экономикасын салыстыруға болмайды» деген қандай жауап? Сіз келісімді ратификациялауды дайындап жатырсыз, бұған дейін оған қол қойдыңыз, осы сандарға байланысты сұрақтар туындаған жоқ па?», - деді Қазанбаевтың жауабына көңілі толмаған Мәжіліс спикері.

Өз кезегінде депутат Айгүл Нұркина қаралып отырған құжатқа сәйкес, мемлекетаралық стандарттарды ұлттық орган жүзеге асыратынын айтты. 

«Қазақстанда стандарттау жөніндегі ұлттық орган «Қазақстан стандарттау және метрология институты» РМК екені белгілі. Бұл орган халықаралық деңгейде, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ алаңдарында стандарттау саласында біздің мемлекетіміздің мүддесін білдіруге арналған», - деді Айгүл Нұркина.

Осыған байланысты депутат аталған институт Қазақстанның стандарттау саласындағы мүдделерін мемлекетаралық деңгейде қалай ілгерілететінін сұрады.

Сауда вице-министрі «барлық үкіметаралық стандарттар ТМД-ның елдерімен келісіледі» деп жауап берді.

«Сізден қазақстандық стандартты мемлекетаралық келісімдерге қалай ұсынып, насихаттайтыныңыз сұралды. Сіз оларды насихаттамайсыз! Геннадий Шиповскийдің алдыңғы сұрағынан бәрі түсінікті болды», - деді Нығматулин.

Мәжіліс Спикері бұған дейін Министрліктің тиімді жұмысының болмауына байланысты палата отырысында мемлекетаралық нарықта қазақстандық цементті ілгерілету мәселесі көтерілгенін еске салды.

«400 және 500 маркалы цементтің өтпейтіні анықталды. Өйткені келісімге қол қойылып қойған. Стандарт сәйкес болмай қалған. Ал стандартты кім жасады? Әрине, біз емес. Міне, сұрақ осында. Ұйықтай беріңіз әрі қарай, одан кейін бизнесіміз сыртқы нарықтарға неге шықпайды деп таң қаламыз», - деді Нығматулин.

Мәжіліс спикері Сауда және интеграция министрлігіне қойылған мәселелер туралы ойлануға кеңес берді және қазақстандық өнімді шетелдік нарықта ілгерілету үшін жағдай жасау қажетін айтты.

«Кешіріңіз, әрине, бірақ сіз біздің бизнесіміз үшін «әке» де, «ана» да болуыңыз керек. Ал сіз жеңіліп қалдыңыз. Сіз қағазды қалай «қолдануды» жақсы білесіз: ана қолтаңбаны жинау, мына қолтаңбаны жинау. Ал мен оның (құжаттың – ред.) мәні туралы айтып отырмын. Сіз бүгін «қазақстандық стандарттауды мемлекетаралық стандарттауға ілгерілеттім, осылайша біз барлық мәселелер бойынша алға өтіп жатырмыз» деп айта аласыз ба?

Бүгін бір қарапайым себептерге байланысты трибунада министр емес, Сіз тұрсыз. Олар бүгін Мәскеуде (Бақыт Сұланов пен орынбасары – ред.). Өйткені, біз «Атамекенмен» келісіп, барлық мемлекеттік органдармен дауыс берген мәселелерде стандарттар бойынша келісе алмадық. Енді біз барып: «жоқ, бұл бізге қажет емес» деп айтамыз. Оларға қол қойған барлық адамдарды анықтау керек.

Қараңыз, екі сұрақ бар, екеуі де сізге арналып тұр... Интеграцияға кіргеннен кейін біз өзіміз үшін жағдай жасауымыз керек. «Оңды-солды» қол қоясыз, содан кейін осындай жағдайларға тап боламыз», - деп қорытындылады Мәжіліс төрағасы.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан