ШұғылЕлімізде өткен тәулікте 855 адамнан коронавирус анықталды

Қазақстандағы өсімдік вирусын талдайтын зертханалар артта қалған – Сенат депутаты

Депутат сауда министріне мәселені бақылауына алуға кеңес берді

Ақылбек Күрішбаев, фото: parlam.kz

Еліміздегі өсімдіктер карантині бойынша зертханалардың тозығы жеткен. Бұл туралы Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев жоғары палатаның кезекті отырысында мәлімдеді.

Сенатор жуырда ғана Ресей мен Қазақстан арасындағы кейбір өнімдердің тасымалына тыйым салынғанын алға тартып, осыған орай еліміздегі ғылыми зерттеу жұмысының сапасыз екенін атап өтті.

«Жақында қауіпті вирус табылды деген себеппен қазақстандық қызанақ пен бұрыш өнімдерін Ресейге кіргізуге уақытша тыйым салынды. Бұл жағдайда біз Сауда министрлігінің әрекетін толығымен қолдаймыз. Бірақ, мұндай сауда соғысында басты дәлел – тауардың сапасын ғылыми растау болып табылады. Ал біздің зертханалық базамыз ешқандай сын көтермейді. 10 жыл бойына біз өсімдіктер карантин зертханасын жөнді ұйымдастыра алмай келеміз. Не заманауи база, не зерттеудің қазіргі әдістерін меңгерген кәсіби мамандар жоқ. Тіпті, сол вирусты талдау үшін ПТР-тесті Ресейден, яғни бізге сауда кедергісін тудырып отырған елден сұрап алдық» - деді сенатор.

Күрішбаевтың айтуынша, заманауи жабдықтар мен құрылғылар өз елімізде де болуға тиіс. Осылайша, аталған бағыттағы кем-кетіктерді ескере келе, депутат сауда министріне мәселені бақылауына алуға кеңес берді.

«Мәскеуге барып, Бүкілресейлік өсімдіктер карантині ғылыми-зерттеу институтының қалай жұмыс істейтінін көрсеңіздер, біздің қаншалықты артта қалғанымызды түсінесіздер. Бұл мәселелердің экономикамыз және азаматтарымыздың денсаулығы үшін аса маңызды екенін ескеріп, сараптамалық қызмет көрсететін барлық зертханаларға ревизия жүргізген жөн деп есептеймін. Еліміздегі сараптама жүргізетін мекемелерді жаңғыртуға қатысты тиісті шаралар қабылдау қажет деп санаймын», - деді Сенаттағы аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы Ақылбек Күрішбаев.

Еске сала кетейік, 27 қаңтардан бастап қазақстандық қызанақты Ресейге экспорттауға қойылған шектеулер алынды.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан