$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.01.2021, 12:06
Үкімет

«Зейнетақы жинағын пайдалануға қатысты ереже әлі дайын емес». Депутат Үкіметті сынға алды

Аманжан Жамалов Асқар Мамин мен Ерболат Досаевтың атына депутаттық сауал жолдады

Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үйге және емделу мақсатында алу мәселесіне қатысты ереженің бекітілуі тым ұзаққа созылуына наразылық білдірді. Ол заңға Президент қол қойғанын және ереже әлі күнге кабинеттен кабинетке «серуендеп жүргенін» атап өтті.

«2020 жылдың қыркүйегінде Президент жолдауында қазақстандықтар 2021 жылдан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алатынын мәлімдеді. 2021 жылдың 2 қаңтарда Мемлекет басшысы экономикалық өсімді қалпына келтіру мәселелері жөніндегі заңға қол қойды. Онда азаматтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй сатып алу және емделу үшін пайдалану құқығы белгіленген. Құжат күшіне енді. Алайда осы уақытқа дейін Үкімет тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережесін қабылдаған жоқ. Бұл ережені 761 мың азамат күтіп отыр, олардың көбісі тұрғын үйді таңдаған. Бұл құжат әлі күнге кеңселерде «серуендеп жүр», - деді депутат.

Мәжіліс депутаты Үкімет атына халық тарапынан көптеген ескерту келіп түскенін атап өтті. Бір ғана «Ашық НҚА» порталында азаматтар 900-ден астам негативті пікір қалдырған.

Жамалов сондай-ақ, көптеген азаматтар бес жыл бойына тұрғын үй сатуға қойылатын шектеудің енгізілуіне наразы екенін айтты.

«Бұл ретте азаматтардың әдеттегі өмірлік жағдайлары - басқа өңірге, қалаға көшуі, тұрғын үй жағдайларын одан әрі жақсарту ниеті ескерілмейді. Сондай-ақ қазақстандықтар үлестік қатысу шарты бойынша салынып жатқан тұрғын үйлерді сатып алу мүмкіндігін беруді және өз тұрғын үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті», - деп толықтырды депутат.

Аманжан Жамалов Президенттің Мәжілістің бірінші сессиясының ашылуында айтқан отандық зейнетақы жүйесі әділ, тұрақты, адамдардың мүдделеріне сай болуы тиіс деген сөзін еске салды.

«Азаматтардың зейнетақы қаражатын пайдалануға заңды құқығын шектемей, олардың мүддесіне сай жауап беруді атап өткім келеді. Президенттің тапсырмасын және ел азаматтарының үмітн есепке алып, зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану бойынша қажетті заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды жеделдетуді және оларды 2021 жылғы қаңтар айының соңына дейін қолданысқа енгізуді сұраймын», - деді Жамалов.

Депутаттық сауал еліміздің премьер-министрі Асқар Маминнің және Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың атына жолданды.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары