Омбудсмен туралы жеке заң қабылдау қажет – Нұрлан Нығматулин
Жаңа құрамдағы Мәжіліс жұмысын бастады
Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин VII шақырылым депутаттары үшін жақын арада қабылданатын заңдар қай салаларға негізделетінін айтты.
«Бізге отандық бизнесті қолдаудың, ынталандырудың пәрменді тетіктерін іздеу қажет. Қоғамдық бақылау туралы заңды қарау және қабылдау – Қазақстан қоғамы үшін өзекті. Мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығы – адам құқықтарын қорғау, осы тұрғыда Омбудсмен туралы жеке заң қабылдау қажет, ол оның түрлі салалардағы қызметін ретке келтіреді», - деді Мәжіліс спикері.
Спикер депутаттық корпус Мемлекет басшысы қойған нақты міндеттер бойынша жұмыс істейтінін атап өтті.
«Осы сессияда қарауға алған әр заң жобасы елдің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ету және азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсарту тұрғысынан маңызды. Сондықтан, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы сессияның ашылуында берген тапсырмаларын орындау үшін біз денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, шағын және орта бизнесті қолдаудың өзекті мәселелерін шешу үшін заңнамалық база қалыптастыруымыз керек», - деді ол.
Мәжіліс спикері заң шығару жұмысы мемлекеттік органдармен, сарапшылық қоғамдастық, азаматтық қоғам өкілдерімен, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өзара бірлесіп жүргізілетінін атап өтті.