$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.01.2021, 14:53
Үкімет

Асқар Мамин жұмыс сапарымен СҚО-ға барды

Үкімет басшысы бірқатар нысанды аралады

Асқар Мамин жұмыс сапарымен СҚО-ға барды
фото: pm.kz

Премьер-министр Асқар Мамин Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында инвестициялық жобалардың іске асырылуын тексеріп, өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді.

Үкімет басшысы Петропавл қаласындағы «Qyzyljar» АЭА аумағында электр техникалық өнімін өндіретін жаңа зауыттың құрылыс барысымен танысты. Жоба құны – 10 млрд тг. Кәсіпорынның қуаттылығы 300 жаңа жұмыс орнын құрумен жылына 13 мың трансформаторды құрайды.

Сондай-ақ «Петропавл ауыр машина жасау зауытына» барды, оның аумағында тез бұзылатын азық-түлік өнімдерін тасымалдауға арналған термос вагондарды құрастыратын жаңа өндіріс орны ашылған. Жобалық қуаттылығы – 200 адамды жұмыспен қамти отырып, жылына 1200 вагон.

Премьер-министр «Солтүстік фанера комбинаты» ЖШС ламинатталған фанера өндіретін зауыттың жұмысымен танысты. Кәсіпорын 150 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жобалық қуаттылығы – жылына 27 мың текше метр өнім.

Сондай-ақ Үкімет басшысы Петропавл қаласының «Шығыс» шағын ауданында JCI халықаралық стандарттары бойынша 510 төсек орнына арналған көпбейінді облыстық аурухана құрылысының барысын тексерді. Жобаны 2022 жылдың соңына қарай мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «YDA Holding» түрік инвесторы жүзеге асырады.

Қызылжар ауданының Чапаево ауылында Премьер-министр «Қызылжар Сүт» ЖШС-нің жаңа цифрландырылған сүт-тауар фермасында болды. Ферманың қуаттылығы – жылына 3,6 мың тонна сүт.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Премьер-министр СҚО-ның әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы кезеңге арналған перспективалары жөнінде кеңес өткізді. Өңір әкімі Құмар Ақсақалов, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов және Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов баяндама жасады.

«Солтүстік Қазақстан облысы агроөнеркәсіптік кешені, өңдеу өнеркәсібі және басқа да салаларда үлкен әлеуетке ие. Өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатының жоғары болуын қамтамасыз етуге елеулі серпін беру қажет», — деді Үкімет басшысы.

Серіктес жаңалықтары