ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 857 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

Мәжіліс премьер-министрлікке Асқар Маминнің кандидатурасын мақұлдады

ҚР Президенті Асқар Маминді Премьер-министр қызметіне тағайындау туралы жарлыққа қол қойды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс депутаттарының алдында Асқар Маминнің кандидатурасын Премьер-министр қызметіне ұсынды. Мәжілісмендердің көпшілігі Асқар Маминнің кандидатурасын қолдады.

«Ең алдымен, маған көрсеткен сенімдеріңізге алғыс айтамын. Бұл мен үшін зор мәртебе және үлкен жауапкершілік. Алдымызда Қазақстанның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша үлкен мақсат-міндеттер қойылған. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дамуының басым бағыттарын жариялады. Соның ішінде ең бастысы - халықтың табысын арттыру», - деді Үкімет басшысы лауазымына қайта тағайындалған Асқар Мамин.

Еске сала кетейік, 14 қаңтарда «Nur Otan» төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәжілістегі партия фракциясының отырысына қатысып, болашақ Премьер-министрдің кандидатурасы жайында айтты.

«Менің ойымша, сабақтастықты сақтау керек. Барлық қиындыққа қарамастан, Үкімет өз жұмысын жақсы атқарды. Басқа елдермен салыстырғанда біз жақсы нәтиже көрсеттік. Егер Президент Мамин Асқар Ұзақбайұлының кандидатурасын ұсынса, онда мен фракциядан оның кандидатурасын қолдауын сұраймын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Асқар Мамин 1965 жылы 23 қазанда туған. Целиноград инженерлік-құрылыс институтын бітірген. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы АҚ-ның президенті болып қызмет еткен, 2016-2019 жылдары ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары болды.

2019 жылы 25 ақпанда ҚР Премьер-министрі болып тағайындалды.