Жұмыстағы жанжалдардың дені мұнай компанияларында болады – Нұрымбетов
Негізгі себеп - жергілікті және шетелдік қызметкерлерге қатысты еңбек, тұрмыстық жағдайлардың теңсіздігі
Үкімет ұжымдық еңбек дауларының алдын алып, әлеуметтік шиеленістерді болдырмау үшін кешенді жоспар әзірлеген. Жоспарда шетелдік жұмысшылар мен қазақстандық мамандардың жалақысын теңестіру де көзделген.
Бүгін Үкімет отырысында осы мәселе бойынша баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов еңбек дауларының басты себебін атады.
«Еңбек тәуекелдері картасының аясында қарашада 170 мың жұмыскері бар 359 проблемалық кәсіпорын тексерілді. Бұл ретте, жоғары тәуекел аймағында Нұр-Сұлтан қаласы, Маңғыстау, Ақтөбе және Атырау облыстары бар. Жыл басынан бері республика бойынша 9 еңбек қақтығысы болды. Оның жетеуі еліміздің батыс өңірінде шетелдік жұмысшылардың қатысуымен мұнай-газ және мұнай-сервистік кәсіпорындарда тіркелді. Еңбек қақтығыстарының негізі себебі – жұмыскерлердің еңбекақысын көтеру, жергілікті және шетелдік қызметкерлерге қатысты еңбек, тұрмыстық жағдайлардың теңсіздігі», - дейді Біржан Нұрымбетов.
Қазақстанда еңбек қатынастары ұжымдық келісімшартпен реттелетіні белгілі. Дегенмен, Біржан Нұрымбетов қазіргі кәсіпорындардың ұжымдық келісімшарттары мазмұны жағынан өте сапасыз екенін, жұмыстағы даулардың себебі де содан туындайтынын айтады. Еңбек жанжалдарының алдын алуға болатын маңызды құралдардың бірі саналатын осы ұжымдық келісімшарт ірі кәсіпорындардың 97 пайызында бар.
«Қазіргі таңда Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 2200 кәсіпорын бар, ондағы жергілікті жұмысшылардың үлесі 96%. Жоғарыда көрсетілген еңбек дауларын ескере отырып, прокуратура органдарымен бірлесіп, отыздан астам шетелдік жұмыс күшін тартатын 95 кәсіпорынға қатысты тексеру жүргіздік. Нәтижесіне, еңбек және көші-қон заңнамасын бұзған 930 факт анықталып, жойылды. 474 жергілікті және шетелдік жұмысшылардың жалақысында айырмашылық бары анықталып, сәйкестендірілді. 681 рұқсаттама кері қайтарылып, 393 шетелдік жұмысшы елден шығарылды», - дейді Еңбек министрі.
Шетелдік жұмыс күштерінің қатысуымен болатын даулар жиіліген соң, министрлік заңнамалық актілерге түзетулер әзірлеген. Ол түзетулер күшіне енсе, шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындар енді жыл сайын тексеріледі, ал шетелдік жұмыс күшіне берілетін жыл сайынғы квота мен шетелдік персоналдар саны қысқарады. Сондай-ақ біліктілігі 3-4 санаттағы шетелдік жұмысшылардың орнын қазақстандық кадрлар ауыстырмақ
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан