Бензин бағасы 160 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін – министрлік
Кеше ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов 2019 жылы бензин акцизі 10 теңгеге қымбаттауы мүмкін деген еді
Бүгін Үкіметте Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Азамат Амрин бензин акцизі (халық жаппай тұтынатын тауарлардың өндірісіне салынатын салық - авт) қымбаттағаннан кейін бензин бағасына қатысты қандай болжам күтуге болатынын айтты.
«Қазір бензин акцизі 8 теңге, бензин бағасы 150 теңге. Біз бір тонна бензин үшін акциз бағасын 10 500 теңгеден 24 435 теңгеге көтеріп отырмыз. Бір литрге шаққандағы акциз бағасы 8 теңгеден 18 теңгеге өседі. Сонда, бензин бағасы шамамен 6 пайызға, бір литрі үшін 150 теңгеден 160 теңге қымбаттауы мүмкін. Бұл жерде акциз – бензиннің өзіндік құнына салынатын жалғыз салық емес екенін атап өткім келеді», - деді бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрлігі салық және кедендік саясат департаментінің басшысы Азамат Амрин.
Азамат Амрин акцизді қымбаттатудың себебі көп екенін айтты. Соның бірі – салық салудың негізгі принципі, яғни, мемлекет ұсынатын қызметтердің салығы қызметтің көлемі мен деңгейіне сәйкес келу керек деген ұстаным.
«Нарықтық экономика құрып отырмыз. Ұсыныс бар, сұраныс бар. Сондықтан, баға бірден 10 теңгеге қымбаттап кетпейді. Мысалы, 2015 жылғы акциз бағасы тоннасы үшін 4,5 мың теңгеден 10,5 мың теңгеге қымбаттағанда, бензин құны өспеген», - дейді ол.
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан