ШұғылӨткен тәулікте Қазақстанда 835 адамнан COVID-19 вирусы анықталды

Қоғамдық кеңестер мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын болды

Бұған дейін қоғамдық кеңестер мемлекет бюджетінен қаржыландырылмаған

Болат Тілепов, Орталық коммуникациялар қызметі

Бұдан былай қоғамдық кеңес қызметіне мемлекеттік бюджеттен жыл сайын қаржы бөлінбек. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов мәлімдеді.

Жаңа заңға сәйкес, бұдан былай қоғамдық кеңес мүшелерінің саны орталық деңгейде 15-30 адамды құраса, жергілікті деңгейде халық санына байланысты тағайындалмақ.

«Жұмыс тобының басшысын азаматтық қоғам өкілдері қатарынан сайлау ұсынылды. Бұл ұсынысты біз кеңестер құрамын іріктеу ісіне әкімшілік ресурстардың ықпалын азайту мақсатында қабылдадық. Басты талап – кеңес құрамына түрлі әлеуметтік топ өкілдерін тарту», - деді вице-министр.

Сонымен қатар, қоғамдық кеңес мүшелері конкурс арқылы мемлекеттік сатып алу комиссиясының жұмысына да қатыса алады. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының жолдауында берілген тапсырмалар негізінде квазимемлекеттік секторда, атап айтқанда, ұлттық компанияларда, ұлттық холдингтерде, ұлттық басқару холдингтерінде қоғамдық кеңестер құру жоспарланғаны белгілі. Жалпы қоғамдық кеңестің ауқымы кеңейгендіктен, биылдан бастап бұл бағытқа мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінбек.

«Бұрын қоғамдық кеңестер мемлекет бюджетінен қаржыландырылмаған. Алдағы уақытта республикалық бюджеттен мемлекеттік орган жанынан құрылған қоғамдық кеңестерге 3 жылға 65 млн теңге бөлінеді. Ал, жергілікті атқарушы органдардың жанынан құрылған қоғамдық кеңестерге жергілікті бюджеттен 2 млрд теңге бөлу қарастырылған», - деді Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі.

Сондай-ақ вице-министр қоғамдық кеңестер мен мәслихат қызметі бірін-бірі қайталамайтынына тоқталды.

«Олардың заңды мәртебесі екі бөлек. Мәслихат – жергілікті өзін-өзі басқару органдары. Яғни, олардың шешімінің заңды күші бар. Ал қоғамдық кеңес – консультативті орган», - деді Болат Тілепов.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан