Салымшылар зейнетақы жинағының бір бөлігін жақын туыстары үшін де пайдалана алады – Еңбек министрлігі

Отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіруге де болады

Салымшылар зейнетақы жинағының бір бөлігін жақын туыстары үшін де пайдалана алады – Еңбек министрлігі
Azattyq Rýhy / Батыржан Беспаев

Зейнетақы жинағының бір бөлігін нақты кімдер пайдалана алатыны мәлім болды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары Ақмәди Сарбасов айтты. Вице-министр Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Парламент заңнамаға енгізілген өзгерістерді мақұлдағанын атап өтті.

«Заңға сәйкес, 2021 жылдан бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, қымбат тұратын емделуге ақы төлеуге немесе жеке басқарушы компанияларға басқаруға беруге пайдалану құқығы берілетін болады», – деді вице-министр.

Сонымен, зейнетақы жинағының бір бөлігін төменде көрсетілген азаматтардың алуына құқығы бар:

  • жұмыс істейтін, тиісті жаста зейнетақы жинақтары «жеткілікті шектен» асатын азаматтар;
  • сақтандыру компанияларымен БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтарының сомасы шегінде өмір бойы аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасқан адамдар;
  • зейнеткерлікке шыққан азаматтар (оның ішінде әлеуетті құрылымдар қатарынан) - БЖЗҚ-да қалған зейнетақы қаражатының 50%-ынан аспайтын шегін ала алады. Егер олардың зейнетақысының жиынтық мөлшері (жасына байланысты немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақыны, базалық зейнетақыны қоса алғанда) жоғалған табысты халықаралық стандарттарға сәйкес келетін деңгейде (кемінде 40%-ға) алмастыруды қамтамасыз еткен жағдайда.

Вице-министр «жеткілікті шек» әйелдер мен ерлер үшін бірдей белгіленетінін ескертті.

«Заңда сондай-ақ жоғарыда аталған санаттағы азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін өздері, жұбайлары немесе жақын туыстары үшін тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында немесе емделуге ақы төлеуге пайдалана алады деп көзделген. Мақсатты пайдалану үшін көрсетілген отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіруге болады», – деп атап өтті Ақмәди Сарбасов.

Еске сала кетейік, қыркүйек айындағы жағдай бойынша Қазақстанда 6 млн-ға жуық салымшының зейнетақы қорындағы жинағы 500 мың теңгеге жетпейді.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.