2021 жылы қандай жаңа заң жобалары әзірленеді?
Асқар Мамин заң жобаларын Парламентке уақытында ұсынуды тапсырды
2021 жылдың бірінші жартыжылдығында 13 заң, екінші жартыжылдығында 25 заң жобасын әзірлемек. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында Әділет министрі Марат Бекетаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Әділет министрі баяндамасында келесі жылға жоспарланған заң жобаларының қай бағыттарды қамтитынын айтты.
«Алдағы жылы қоғамдық бақылау туралы, Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы, геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы және әскери полиция органдары туралы жаңа заң жобаларының әзірленуі көзделіп отыр», - деді Марат Бекетаев.
Сонымен қатар, тізімдегі 6 заң жобасы Мемлекет басшысының биылғы жолдауына негізделген. Олар сайлау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және биржалық сауданы дамыту мәселелері жөніндегі заң жобаларын қамтиды. Үкімет басшысы заң жобасын әзірлеуші органдарға аталған міндетті уақытынан кешіктірмей орындауды тапсырды.
«Министрлер заң жобаларының сапалы дайындалуын және олардың Үкімет пен Парламентке уақытылы ұсынылуын қатаң бақылауды қамтамасыз етуі қажет», - деді Премьер-министр Асқар Мамин.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан