Қашықтан оқуға мүмкіндігі болмаған студенттердің сессиясы кейінге қалдырылмайды – БҒМ
Қазақстандық ЖОО-лар интернетке қосылу мүмкіндігі болмаған студенттерге барлық жағдайды жасаған
Елімізде жоғары оқу орындарының 95 пайызы студенттеріне қашықтан білім беріп жатыр. Қалған 5 пайызы аралас (онлайн және офлайн) режимде оқытуда. Бұл туралы ОҚК-де өткен брифингте БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Бану Нарбекова мәлімдеді.
Министрлік өкілі нақты қай сала бойынша студенттер дәстүрлі форматта оқып жатқанын айтты.
«Гуманитарлық, педагогикалық, IT мамандықтары бойынша студенттер қашықтан оқып жатыр. Ал медициналық, ауыл шаруашылығы, техникалық және құрылыс салалары бойынша студенттер аралас режимде білім алып жатыр», - деді Бану Нарбекова.
Ал шалғай ауылдарда интернетке қосылуға мүмкіндігі жоқ 7 мыңға жуық студент ЖОО жатақханаларында тұрып жатыр. БҒМ өкілі барлық студенттердің сессиясын уақытылы тапсыруына мүмкіндігі барын ескертті.
«Интернетке қосылу мүмкіндігі болмаған студенттердің сессиясын кейінге қалдыру туралы өтінішін орындауға еш негіз жоқ. Өйткені, ЖОО-лар оларға қажетті барлық жағдайды жасады. Олардың қалаға келіп, жатақханада тұрып, қашықтан білім алуына толық мүмкіндігі болды. Студенттердің барлығы емтихан тапсыруға міндеттеледі», - деді Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов.
Брифинг барысында университеттер элекронды форматта жұмыс істеу тәртібіне ауысып жатқаны айтылды.
«Бүгінгі күні ЖОО-лар электронды құжат форматына өтіп отыр. Тіркеу жұмыстары электронды түрде жүргізіледі. Деканат пен ректораттың жұмысы да электронды болмақ. Мұның бәрі студенттер мен университеттердің арасындағы тікелей байланысты қалыптастыруға және орнатуға мүмкіндік береді», - деді Бану Нарбекова.
Белгілі болғандай, емтихандағы пәндердің 93 пайызы онлайн түрде тапсырылады. Ол үшін еліміздегі ЖОО-лар прокторинг жүйесіне қосылған.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан